Жыл қайыру
Қарашада шөп басын жел кемірер,
Шұнақ аяз шұқшиып, ерге мінер.
«Қауыс» соңы, аяғы «Боқыраудың»
Бітпей қалған бейнетің белде жүрер...
Тоң сіресер желтоқсан жебірленіп,
Жер жериді дүниеден «кебінденіп».
Ай менен күн алысар «Ақыраппен»
өлі əлемге қалсам деп өмір беріп.
Сондайда бір қаласың жеңілденіп...
Ал, қаңтарда «Қырықаяқ», «Тоқырау»
кеп,
Сере қарда сері аяз отыр-ау, деп,
Өмірдің суретін сап терезеңе
Жүреді мұздан өрмек тоқыған боп,
Ол кезде ешкім ойламас опынам деп...
Ақырып «Ақпан» келер «Тоқпанменен»
Қысқа күнде жылымас оттан денең.
Өте шығар бұл ай да ит қуғандай
Қарлы боран ұйытқап, соққанменен.
...Қиқуы тез тиылған көкпар көрем.
«Ұттың» соңы құт болып «Əз» келеді.
Аққу ұшып, қаңқылдап қаз келеді.
Əз Наурызда теңеліп күн менен түн
Жадырап көрінеді жаз бедері.
Жамырап соны да жұрт мəз көреді.
«От амалы» – Көкек пен Сəуір келіп,
Балбырайды бар əлем бауыр керіп,
Өзен, көлдер еріне есінейді.
Жіңішкеден жуанды тəуір көріп,
...Тəубəшылға жатады Тəңір беріп.
«Сартан» жайлап Мамырда «Зауза»
келер.
Жақсылығын дайындап жазға берер.
Шұрқырап мал өреді беткей асып,
шыдасаң аз ғана егер...
Арқа-жарқа болады азбаған ел.
«Мырзасы» бар маусымның – өз уағы,
Осы ай соңы – мезгілдің сөзуары.
Шіліңгірдің сүйретіп шылбыр күнін
Содан соң, «Сарша-сағыз» созылады.
...Қоңырланып малшының қозы, лағы.
«Үркер» ауып, келгенде «Сарша-тамыз»
Жұлдыз санап бітеді палшы атамыз.
«Қыркүйекте» «Масақты» таразылап,
Жер емшегін созғылап шаршатамыз.
Өткен күнін өзіне аңсатамыз...
«Қазанменен» көш түзеп ел барады...
Елмен бірге құс қайтып, көл қалады.
«Қазан ұрмай, қар жаумай» Қарашаға
жеткізбей Бұғы мүйізін жел қағады.
Көңіліңнің басталардай енді алаңы.
Төрт мезгілдің біреуін қаза қылмай,
Қадіріне жетейін таза нұрдай,
Қарашадан басталған қайран өмір,
Қарашаға жетсе екен қазан ұрмай!...