23.05.2022
  139


Автор: Ошақбай Суханберлин

Баянға

Өзгермейді тағдыр-өзен ырғағы,
Жадымызда Аманжолдың сырлы әні.
Азамат боп, орындап жүр парызын,
Әкесінің көзіндей боп Біржаны.
Томиристей өскен биік өресі,
Алмагүлің бір ауданның төресі.
Көрсе бүгін жан перзентін Аманжол,
Көкке жетіп тұрар еді-ау төбесі.
Асыл еді-ау, абзал жігіт Ақаны,
Жоқтығы оның қабырғаға батады.
«Осындайда ортамызда жүрсе»,- деп
Сағынамыз жастай өткен ботаны.
Той-дастархан–сенің мейрам-базарың,
Алмашымыз–сенің жастық ажарың.
Ұл, қыз өскен жетпіске аман жеткенің,
Бір Алланың аударғаны назарын.
Жасытпай-ақ жетпіс деген келді есіп,
Өмір–майдан, күресесің белдесіп.
Өз бақытың өз басыңда тұрғанмен,
Шаттық мәңгі тұра бермес кездесіп.
Көрген жоқсың еңсең түсіп басылып,
Бетіңе жан келген емес басынып.
Шаңырағын ұстап жүрсің шайқалтпай,
Аманжолдың әруағын асырып.
Абзал жансың, ақ жаулықты Анасың,
Ұрпағыңа саялы бақ панасың.
Өзің барда олар мәңгі бақытты,
Сен де олармен алау от боп жанасың.
Талай-талай асулардан өткенсің,
Жан шуағын айналаңа төккенсің.
Сен өзің де бақыттысың Баянжан,
Балдай тәтті немерелер өпкенсің.
Жетпісіңде өзгермеген қалыпта,
Қадірлісің, қалаулысың халыққа.
Құтты болсын, Ел Анасы, мерейтой,
Сексенде де, тоқсанда да қалықта!





Пікір жазу