Ұстазға арнау
Сымбатты, сырбаз еді, мұнтаздай киінетін,
Қамқоршы кішілерге, үлкенге иілетін.
Шәкірттері ақ жүрек, мейірбанды ұстаздың,
Өнегесін үлгі етіп, табынатын, сүйінетін.
Жаны таза, кісілігі мол еді, біз білетін,
Әр сабаққа жан беріп, сән мен өңін кіргізетін.
Маржандай ғып, әдемі жазғандарын тақтаға,
Дәптерге де дәл солай тізгізетін.
«Есеп пәні осы ғой, терең ойға өрілетін,
Кілтін тапсаң, ашылып, сыр болып төгілетін»
Дейтін еді үнемі ұлағатты ұстазым,
Сондықтан да, ол маған Пифагор боп көрінетін.
Жылдар өтіп кетсе де, істерің тұр жаңғырып,
Жол сілтеген арманға шырақшыдай мәңгілік.
Өзің баптап ұшырған қаншама жан сан мәрте,
Көк байрақты көтерді шетелдерді таң қылып.
Ұмытпайтын іс істеп Тәуелсіздік таңы үшін,
Күшті еді ғой рухың да, күшті еді ғой намысың.
Жақсы із қалды артыңда, мыңдаған ел жүретін,
Ұмытпайды елі де, елін сүйген арысын.