23.05.2022
117
Тұр екенсің сыр болып төгілетін
Уақыт шіркін зымырап өткенімен,
Құламадың сынақтың өткелінен.
Өзің өстің, өсірдің өзгені де,
Ақыл-кеңес сұрамай өкпеліден.
Жастық оты келмейді-ау енді қайтып,
Махаббаттың лаулаған әнін айтып.
Көркі едің ғой, ауылдың жұлдызы едің,
Таусылмайтын сыр едің бәрін айтып.
Сені ұнатқан жігіттер көп болатын,
Түрлі-түрлі ұйым боп топталатын.
Соның бәрін жуытпай таза жүрдің,
Ал, олар да алдыңда тоқталатын.
Аузын ашса әр жағы көрінетін,
Сәл нәрсеге көңілі бөлінетін.
Қайран құрбым, әлі де баяғыдай,
Тұр екенсің сыр болып төгілетін.
Өкінішің болған жоқ ақталатын,
Ән боп тудың жүректе жатталатын.
Арамызда аңыз боп қалдың бүгін,
Ұрпағыңа мәңгілік сақталатын.