23.05.2022
  185


Автор: Ошақбай Суханберлин

Ақындар туралы

Жүйріктердің басымы,
Өлеңнен болар жақыны.
Солардан шыққан ақындар,
Ақындардың ақыны.
Біреудің өтпей ақылы,
Біреудің жетпей батылы,
Соларды жақтап сөйлеген,
Ақындардың ақыны.
Өмірдің күйкі тірлігін,
Олардың байқап кір, мінін.
Арамдықтың бетінен,
Ашқан неше түрлінің.
Ақындар ғана осылай,
Ешкімге олар қосылмай.
Аямай мінеп өтеді,
Кім болсаң да тосылмай.
Ешкімнің өтпес әмірі,
Ақындар – өлең тәңірі.
Шын ақынға нәр берер,
Тереңде болар тамыры.
Солардан ұшқан жапырақ,
Бізге де келген сатылап.
Өлкеміз біздің өлеңге,
Тұнып тұрған атырап.
Құнарсыз жерде өскем жоқ,
Жел айдап, сайға көшкем жоқ.
Өлең дейтін өмірдің,
Қадірін аттап кеткем жоқ?
Арқасы бар ақынның
Киесі бар деседі.
Бірақ бізге солардың
Көлеңкесі де жетеді.





Пікір жазу