23.05.2022
  164


Автор: Ошақбай Суханберлин

Өз отыңды өшірме

Не себепті құздан жарға құладың?
Неге саған ұнамады тұрағың?
Ұядан ұшпай балапаның қалмай ма,
Жауап бар ма, осы менің сұрағым?
Бауырыңның үміті де сен едің,
Сен солардың жұлдызы ғой деп едім.
Бірақ парқын дүниенің айырмай,
Жақсыны жақсы, жаманды жаман демедің.
Жақсы емес-ау, болмай жатып шіренген,
Өз бағаңды, деңгейіңді біл елден.
Мақсаты жоқ жай бір жүрген жанбысың,
Бар қадірі – мекерлікке тірелген.
Ажар дейсің, уақыт оны жеңбей ме,
Қалай берген сол ажарды сендейге?
Ажарыңды нәпсі билеп кеткенде,
Сол ажарың ажал болып келмей ме?
Сен осыны біліп тұрып, білмейсің,
Ұяттан өліп, неге жерге кірмейсің?
Сонша топас, туармысың тексіз боп,
Жақсылықты түсінбейсің, тілдейсің.
Айтқан елге ұға білсең түсініп,
Шыға келме оқ жыландай ісініп.
Сабыр сақтап жүрегіңмен ойлансаң,
Соның өзі біле білсең – кісілік.
Біреудікін үлгі қылып көшірме,
Көсілмес жерде, әдеп сақта, көсілме.
Бір бақытың болары анық, бірақ та,
Өз қолыңмен өз отыңды өшірме.





Пікір жазу