Тау мүсін қарттарым
Алысқа қарайтын, алдыңды болжайтын,
Өткенді зерделеп, шежіре қозғайтын,
Уәжге тоқтайтын, көп сөйлеп созбайтын,
Тау мүсін қарттарым-еліңмен сыйласып,
Келесің әлі де, ғасырмен сырласып.
Қиырды шолатын қырандай көзімен,
Бітірер дауларды бір ауыз сөзімен.
Ал бүгін, өзі тұр сөйлесіп өзімен.
Дүбірлі дүние жан-жағы белгісіз,
Кешегі күндер жоқ, бүгінге бергісіз.
Сырласып әлеммен, беймәлім, тұр бүгін,
Ести ме дауысын бал дәурен-құрбының.
Сағынып салатын дауысы булығып,
Кеудеге келді де кептелді жыр-құлын.
Қазына кеудесі шау тартып қалғандай,
Өкінді бір жерге бара алмай қалғандай.
Күрсінді сол бір сәт, денесі дір етті,
Өмірдің бар мәнін жоғалтып алғандай.
Беті аулақ! Жер-жүзін ораса от жалын,
Бір күні білерміз өмірдің тоқтарын.
Елеусіз кетпес-ау, кешігіп қалғанмен,
Сонда біз іздерміз қарттардың жоқтарын.