23.05.2022
  110


Автор: Ошақбай Суханберлин

Күз көріністері

Көктем келсе түрленіп, гүлденеміз.
Алуан түрлі құлпырған түрге енеміз.
Жайқалатын жаз бойы бұтақ жайған,
Енді бүгін сыр берді күз – денеміз.
Күзгі жапырақ сарғайып түсіп жатыр,
Жел еркіне бағынып ұшып жатыр.
Еліміздің егіні бітік шығып,
Береке боп әр үйде пісіп жатыр.
Күз күні де шыбынсыз жаз болады,
Туған көлге кете алмай қаз қонады.
Күз – жігіттің, сыйласқан қыз – көктемге,
Айтары болғанымен, аз болады.
Мінезі бар бұл күздің кейде қызық,
Көңіліңді әп-сәтте кетер бұзып.
Ал артынша жаңбыр боп төгіледі,
Тоқтамайтын топандай кетсе қызып.
Кейде бұлттар төбеңде ызғар төгіп,
Өтіп бара жатқандай мұздар төніп.
Қара бұлттар аспанды көрсетпейді,
Қалғандай боп жұлдыздар жаппай сөніп.
Күздің күні бұзылып, жауындатып,
Бірнеше күн тұрады дауылдатып.
Иттер де үрмей, тым-тырыс түн тұрады,
Дәл бір ұйықтап қалғандай ауыл жатып.
Малшы ауылдың жай-күйі осындайды,
Қысқа дайын, жоқ іздеп жосылмайды.
Күздігі бар, қысылмас бұлар солай,
Жөн-жоба жолыңыздан тосылмайды.
Ал басқаша көрінер егінді аймақ,
Астық үшін күрескен жастар жайнап.
Суыққа да қарамай күндіз-түні,
Қырман басы қызған шақ еңбек қайнап.
Қызыл қырман сауығы – кеші бізге
Талай қызық әкелген, есімізде.
Алтын күздің байлығы береке боп,
Алқа таққан үлкендер төсімізге.
Міне осылай қоңырлап күз келеді,
Жай келмейді, құбылып жүз келеді.
Күз дегенің – байлықтың басы емес пе,
Табылатын адамның іздегені.
Күз дегенің осындай ағыл-тегіл,
Дихандарға сынақ бұл болмас жеңіл.
Күз дегенің ауыл боп қалада жүр,
Қалаңызды қарық қып алар демін.
Міне осылай қоңырлап күз келеді,
Қалың жұрттың табылар іздегені.
«Қала-Ауыл-Береке» үндес болып,
Жарасымды екен-ау, «біз дегені!»





Пікір жазу