23.05.2022
  99


Автор: Ошақбай Суханберлин

Желтоқсанда

Алатаудың қарлы шыңы ызғарлы,
Көңілсіз бір табиғатта сыз бар-ды.
Алматыда, желтоқсанда жастардың,
Есімізде тас қоршауды бұзғаны.
Бұзып өтті ескі жүйе заңдарын,
Әшкерелеп империя лаңдарын.
Азаттыққа жету үшін армандап,
Өлімге де қиған еді жандарын.
Бас алаңға мыңдап шыққан жастарым,
Былай қойып жеке жайын, бас қамын,
«Бостандық!» деп жар салғандар әлемге,
Күркіретті Алматының аспанын.
Жұлып түскен бұғаулықтың ілмегін,
Жастарымнан қуаттандым, білгенім,
Империя шаңырағын шайқалтып,
Быт-шыт еткен «мызғымайтын» діңгегін.
Қандай намыс көтергені ғажап тым,
Көніп жүрген бәріне де азаптың.
Бас иемін, тәубе деймін рухына,
Қайрат, Ербол, Сәбира мен Ләзаттың.
Жастар барда келешекке сенеміз,
Алып елміз, алып біздің кемеміз.
Желтоқсанда бүкіл қазақ оянып,
Тәуелсіздік туын ұстап келеміз.





Пікір жазу