23.05.2022
  180


Автор: Ошақбай Суханберлин

Күлтегін. Тәуелсіздік

Елестетсем көз жіберіп өткенге,
Ұқсайды тарих кері айналып кеткенге.
Басынан бастап бәрін қайта көргендей,
Үңілсем болды Күлтегін тасты беттерге...
Ойлансам болды, келеді дүрсіл құлаққа,
Қүландар ма екен жосылып жүрген жырақта?
Бейне бір тасқын күркіреп келе жатқандай,
Жолын жайпап, тау тастарын қүлатқан.
...Түсінсем деймін Күлтегін тасты беттерден,
Ұлы Дала шежіресін кеш келген.
Қайран қалып таңбаларға қараймын,
Бұрын-соңды көрмеген соң еш жерден.
Бозарып таң жаңа ғана атқандай,
Өңкей ерлер жауға қарсы шапқандай.
Апшысын қуырып ұлан байтақ қиырдың,
Аттила бастап қиқулап бара жатқандай.
Аламан жойқын атойлап өтті жанымнан,
Сазайын бермек шапқыншыларды қағынған.
Тыныштықты, бірлікті бұзған жауларға,
Көріпті кімдер, сақтар қашан бағынған?
...Оймен шолып Енесай, Дунай арасын,
Бабалардың ұлан-байтақ Даласын.
Мысырдан көрем Бейбарыс атты сұлтанды,
Египеттің билеп өткен қаласын.
…Күлтегін тасқа қайта-қайта қараймын,
Үндемей тұр, жатыр-ау сірә, талай мұң.
Шешіліп бір сөйлеп кетсе Олжастай,
Ашылар ма еді құпиясы талайдың?..
Сарбаздар мінген тұлпарлардың тұяғы,
Кесіп өтіп бара жатыр қияны.
Ел шетіне жат пиғылды кіргенде,
Қандай түркі қалай айылын жияды?!
Көк байрағы аспан түстес желкілдеп,
Арғымақ аты жұлқа тартып, елпілдеп.
Алтын батыр жауларына айбарлы,
Шақырғандай: жекпе-жекке “келсін!” деп.
Құйғытып өтті қас-қағымда олар да,
Кім тосқауыл болар екен оларға?
Белін шешпей елін жаудан қорғаған,
Бүгінгі ұрпақ дәл солардай болар ма?
...Иә, талай-талай өткен екен кезеңдер,
Жауымыз да көп болыпты безенген.
Қарумен келіп, қарудан өліп кетіпті,
Ұлы өлкені бөлшектейміз дегендер.
Елдің, жердің тұтастығын қорғаған,
Бабаларым осал, сірә, болмаған.
Азаттықты сақтай білген ерлерді,
Тектілердің аруағы қолдаған.
Бірақ жаулар тынышталып жатқан ба,
Ойран салған елге бейбіт жатқанда.
Ер бабалар елдігімізді сақтады,
Талай рет жоңғар, қалмақ шапқанда.
Дүниенің, арғы-бергі жағына
Ой салады Күлтегін тас тағы да...
Елдің, жердің тұтастығы сақталды,
Абылай келіп Ұлы өлкенің бағына.
...Патша кіріп реңін алды Даланың,
Шен тақты да құл ғып қойды Адамын.
Нұсқамыздан айрылып қала жаздаппыз,
Бастан кешіп қызылдардың заманын.
…Содан кейін Даламызда ойқастап,
Қызыл келді ақтарменен шайқас сап.
Ұлтымыздың алыптарын жоқ қылған,
Заман туды жүретұғын байқастап.
Алыптарсыз еліміз жалғыз қалғанда,
«Қызылдар» деді жеткізетін арманға.
Біраз жылда коммунизм болады,
Білгенде оны, білмегенде арманда.
Осылай да, осылай деп өстік біз,
Коммунизм болады деп бөстік біз.
Соның бәрі бос сөз екен, сонда біз,
Қыл бұрауға қозғалмастай шөктік біз.
Өстік солай, патриот деп жыр айтып,
Әділдікті жауып қойып, сын айтып.
Бәрі де, Отан үшін!.. Бірақ оны білмедік,
Кімді қалай, не үшін оны нығайттық?
Оқысақ та қолға билік тимеді,
Мәскеу бізді тайтулақтай иледі.
Өз киімін кие алмаған жастарға,
Дұрыс дедік европаша кигені.
Бір кездегі батыр деген халықпыз,
Ешкімге де дес бермеген алыппыз.
Оқысаңд а өз-өзіңе келе алмай,
Мәдениетті шикізат боп қалыппыз.
Дегенменен намыс қанда қалыпты,
Мүмкін емес жою біздей алыпты.
Ұлы өлкеде Көк Бөрінің барлығын,
Желтоқсанның жастары оны танытты.
Теңселтті де жер шарының діңгегін,
Үзіп берді бодандықтың ілмегін.
Тәуелсіздік жолы осылай басталды,
Қыстырмаймыз төбеттердің үргенін.
Жүрген едік өз сөзіңді айта алмай,
Алға бастық, қарыштадық, тайсалмай.
Елбасының арқасында әлемнің,
Шықтық бүгін тұғырына шайқалмай.





Пікір жазу