23.05.2022
  402


Автор: Сергей Есенин

Оранып ап үлде менен бүлдеге

Оранып ап үлде менен бүлдеге
Қолын бұлғап қош айтады гүл неге?
Жел қайыңға не деп жатыр сыбырлап,
Мен жайында айта ма, әлде бірдеңе?
Әр гүлзардың,
Айтары бар әр бақтың
Әуенімен үндесетін «аржақтың».
Мынау гүлді, анау ғазиз мекенді
Қалай ғана қиып кете бармақпын?
Қимағанда біздің қолдан не келер?
Мен кетемін, ол қалады, сене бер.
Жөргегіне орап алар үр жаңа
Әз анамдай әлімсақтан көне жер.
Кім білмейді, расында, бұл жәйді?
Біреуге ұл,
Ал біреуге гүл қайғы...
Өкінбеймін, Шақырмаймын, Жыламан ...
Гүл ғана емес...
Содан болар, мезгілдің
Әр мезеті бізге қолын бұлғайды.
Дүние бүгіп жатпайды ғой ізгі үнін –
Көктем келіп алмастырар күз күнін.
Құспен бірге өре көшкен өткенді
Қайтара алмас мың қайғың мен
жүз мұңың...
Іштен тынып,
Ішке сақтап сөздерін,
Қимас қалқа – бір кездегі көз көрім
Еске алатын шығар мені, кім білген,
Құшағында жатқанымен өзгенің...





Пікір жазу