23.05.2022
  176


Автор: Сергей Есенин

Аялайсың ақ білегің талғанша...

Аялайсың ақ білегің талғанша,
Шашым тарап...саусақтарың тынбайды.
Жер бетінде қанша жүрек бар болса,
Сонша жүрек махаббатты жырлайды.
Ол шіркіннен емес едім мен де құр,
Талай сұлу тілегімді құп алған.
Басқашалау болғанымен енді өмір,
Құлантаза арылғам жоқ күнәмнан.
Айтар сөздің келмей тұр-ау ыңғайы,
Үнім өшіп, тілім неге байланды?
Сен болмасаң, Тегеранның түнгі Айы
Өн бойымды жылытпауға айналды.
Өкінбеймін, Шақырмаймын, Жыламан ...
Неге, апыр-ау, таусылып тұр амалым?
Күн кешегі күнім қайда шырайлы?
Жалғыз ауыз лебізіне Шаганың
Жаным құрбан болса нетті былайғы?!
Көпке мәлім болмағанмен бұл да аса,
Көңіліңді көншітпейтін жыр аз ба?
Егер парсы болмашы әнін бұлдаса,
Тумағаны, тұрмағаны Ширазда!
Сұлулыққа сұқтанбайды көз бекер,
Тағдырыңның кім басыпты тамырын.
Мен жайлы да сыбыр-күбір сөз кетер
«Қаз аққудың қайдан білсін қадірін...»





Пікір жазу