Фирдоусидің ертегідей Отаны....
Фирдоусидің ертегідей Отаны,
Мені ертең ұмытқаның жарамас.
Сен дегенде – екі көзім боталы,
Ал көңілім... шамадан тыс шала мас.
Фирдоусидің ертегідей Отаны.
Көзді арбаған, жан баураған жамалың,
Қайтсем екен, қайдағыны салды еске...
Рауза гүлін балауызға баладым,
Шамдай жанып тұратұғын әр кеште,
Көзді арбаған, жан баураған жамалың.
Шараптан ба?
Неден ұйқым бүлінді?
Әлде оянды кеуде тұста кең өлкем...
Беу, Шага қыз, сенің сиқырлы үніңді
Адым бассам аңсаймын-ау мен ертең...
Шараптан ба? Неден ұйқым бүлінді?
Елден елге сергелдеңмен сенделіп,
Өтер ме екен қайран менің тағдырым?..
Аузымды ашсам...тіл ұшына сен келіп,
Қандай хал-күй кешер екен жан-ділім?
Елден елге сергелдеңмен сенделіп.
Тағдырыңа бола алмадым араша,
Соған бола қабағыңды түсірме.
Ойға шомған кездеріңде оңаша
Мен жүрермін айтқан әнің ішінде.
Тағдырыңа бола алмадым араша...