23.05.2022
126
Көзін ашып-жұмбай гүл....
Көзін ашып-жұмбай гүл,
Салқынсиды сәби леп.
Аясында түнгі Айдың
Сейіл құрған ғанибет.
Шахризада... Мың бір түн
Қонақ болып кешіңе,
Мұндай сәтте бір дүркін
Бағдат түсер есіңе.
Қайда екен деп денесі
Қайғы кешпе, мұң шекпе,
Өлгендердің елесі
Қабірдегі қу шөпте,
Көз тойдырар рең бұл –
Жердің жасыл Жұмағы!
Уылжыған гүл ернін
Сүйгің келіп тұрады!
Есейген жан не білмес,
Естен кетпес небір кеш...
Өксігенге өлім де өш,
Махаббатпен өмір кеш!
Мархабаты ұласқан
Мәңгілік бұл ғаламда –
Шахризада сыр ашқан
Осылай деп Һаронға.