Кешкі әлеттің күлгінденіп нұр жүзі...
Кешкі әлеттің күлгінденіп нұр жүзі,
Жел тербейді қызғалдақты қырмызы.
Әнге салшы –
Үмітімнің үр қызы,
Қайта жансын Омар Хайям жұлдызы!
Жел тербейді қызғалдақты қырмызы.
Жұлдыздардың шашау қонған
жұртын-ай?!
Ай Ширазға жақын тартты бір табан.
Парсылардың әдірем қалғыр ғұрпын-ай,
Қыз-қырқынын паранжымен қымтаған,
Ай Ширазға жақын тартты бір табан.
Бүркемеші бүлінгірді тым аса,
Өсте ме екен жігітке қыз ұнаса?
Адам жұмбақ,
Жан жасырын, рас, ә...
Құзырыңа, қайтем, құлқым құласа?
Бүркемеші бүлінгірді тым аса.
Өтінемін, өз қолыңмен пердеңді аш,
Онсыз маған дару дарып, ем қонбас.
Ғайып, тылсым, сезімге елтіп өн бойым,
Жай ұқтырсын жанарыма келген жас...
Өтінемін, өз қолыңмен пердеңді аш.
Жамалына жәми жұртты қаратқан
Таң көркіне кім тамсанып қарамас?!
Сұлу етіп жаратқан соң Жаратқан,
Ақ жүзіңді жасырғаның жарамас.
Таң көркіне кім тамсанып қарамас...
Өзім мұнда,
Есі-дертім елде жүр...
Талып барып, таң алдында түс көрем.
Саған ән сап берейінші мен де бір
Хайямның да ауызына түспеген!
Өзім мұнда,
Есі-дертім елде жүр...