23.05.2022
129
Пушкинге
Жалғыз өзі тағдырындай бір елдің
Бұл дарынға бульварында Тверьдің
Тізе бүгіп тағзым етіп тұрдым да,
Оңашада ойды он саққа жібердім.
Періштеге пейілдірек пендеден
Өз қылығын өзі ғана жөн деген,
Ақ тұманға ат шалдырған Аңыздай
Александр! Серіміз-ау Сен де, Мен!
Ұлылықтан ұран салып кім аспақ?
Тұр ғой мұны заманың да растап.
Әлі күнге қола мүсін қалпыңмен
Атақ-даңқтың айбынысың тым асқақ!
Саған деген махаббат пен мәзір ақ.
Пенделікке бой алдырсам азырақ –
Тағдырыңның тарыдайы бұйырса,
Мен өмірді тәрк етер ем қазір-ақ!
Ажал келіп, әкеткенше желкелеп,
Маған бірақ өлу әлі ертерек.
Құйылғанша қолдан қола мүсінім
Жүрмеймін бе ел ішінде еркелеп...