Неге өмір сүре алмадым дұрыстап?
Неге өмір сүре алмадым дұрыстап?
Ішім түтін,
Көрінгенмен түрім шат.
Неге ғана болдым екен ұрысқақ?
Неге ғана болдым екен ұрыншақ?
Азар- безер беретіндей елге мен
Қара жүрек қанішер де емеспін.
Шаруасы жоқ көкаттымен көлденең
Бар болғаны – көше кезген Елеспін.
Ертелі-кеш Тверь бойын торыған
Қанды балақ өзі де емен қаскөйдің.
Әзіз көріп әр барақ ит қорыған
Бар болғаны – еркесімін Мәскеудің.
Әр мақұлық жылы ұшырап қарайды
Достарым көп,
Жабығу жоқ,
Жасу жоқ.
Ат та мені аяулыға санайды
Көрген сайын көңілі босап, бас изеп.
Неғылайын қатын-қалаш, қалқаны,
Бұлдайтұғын бұрынғыдай түр, өң жоқ.
Қалпағыма толтырып ап арпаны
Ту биеге жем беру де бір ермек.
Тәж бен таққа қайбіріңмен таласам?
Деп те өкінбен: «жалғызсырап
қалдым-ау...»
Қайсыңа да шақ келеді, қаласаң,
Мойнымдағы салақтаған қарғыбау.
Шәркез басым болмашыға шаталып,
Қанша мәрте жүрегіме қайғы алдым...
Сол үшін де ақкөз сотқар атанып,
Сол үшін де адасқаққа айналдым.