23.05.2022
  686


Автор: Жамбыл Жабаев

ҚЫЗ ЖІБЕК

(қазақша нұсқасы)
Орта бойлы, қолаң шаш,
Қазақтан өткен қыз Жібек.
Қырғи мүше, қыпша бел
Қырғыздан өткен Айшөрек.
Халық ішінде айтылып,
Халыққа болсын бұл ермек.
Тамақ керек əркімге,
Бір тоқтыны соялы.
Қыз Жібектен сөз қозғап,
Қызығына тоялы.
Ай нұрындай Жібекті,
Айтпай қойсақ бола ма?!..
Айтпаса сырды жиналған
Кетпесін іштен жоғалып.
Өткен Жібек сұлуды
Ескеріп, қозғап қоялық.
Жаралып өмір бір келмек,
Өзекті жан бір өлмек.
Əлем қайыра жаңарып,
Елде болсын бұл ермек.
Ендігі сөздің қысқасы –
Арманда болып өтіскен
Төлеген менен Қыз Жібек.
Армансыз өмір болмайды,
Жалыны оттай қыз сүймек.
Қазақ жерінде, Жағалбайлы елінде байлығы асқан Базарбай атты қадірлі кісі болған екен. Базарбайдың екі ұлы



болады. Үлкені – Төлеген, кішісі Сансызбай, екеуі тең,
ержүрек батыр ұлдар болады. Үлкені Төлеген ер жетіп, он
сегіз жас шамасына келгенде, атасы Базарбай ұлы Төлегенге əйел алып бермекші болып, талай жерден қыз көрсетеді. Бірақ Төлегенге ешқайсысы да ұнамайды. Базарбай ұлына қапа болып, «Өзі жақтырғанын алсын», – деп
тоқтайды. Төлеген өзі де қыдырып, қыз іздемей жүре береді. Күндердің бірінде Базарбайдың үйіне бір қарт саудагер қонады. Аты – Наурызбай. Қырағы Наурызбай Базарбаймен сөйлесіп отырып, Базарбайдың байлығына разы
болып, Төлеген сынына толып, былай дейді: «Е, Базарбай,
ұлыңа келіншек алып берген бе едің?».
– Жоқ, – дейді Базарбай. – Енді елімізден қыз жақпаса,
не істейміз, өзі білсін.
Сонда Наурызбай: – Олай болса, Төлеген мырзаңызды
маған қосып беріңіз. Біздің еліміздің қыздары сұлу болып
келеді. Жақтырған қызын алып береміз, – дейді.
Базарбай ойланып: – Е, ұлым, бұл атаңның сөзін ұқтың
ба? Енді өз еліңнен қыз жақтырмай қойдың. Атаңменен
қоса барып, қыз таңдап көр, – дейді.
Төлеген айтты: – Ата, бар десеңіз, барып келейін.
– Солай болса, жақсы болады, – деп Базарбай Наурызбайды қонақ қылып, бір ат мінгізіп, достасып, Төлегенге
батасын беріп, қыруар ақша беріп, Төлегенді Наурызбайға
қосып жібереді.
Сөйтіп, бұл екеуі Ақ Жайық ауылына келеді. Төлеген
Наурызбайға айтады: «Біз түтін басына қыдырып, дуанаша жүргеніміз ұят болады ғой. Олай етпейік. Сіз мақұл
көрсеңіз, жар салалық. Қызы жақса да, жақпаса да, бір
жорғадан берелік».
Наурызбай күліп: – Ойбой, Төлеген мырзам, қызы
жақпаса да бере беріп, бекер шығынданамыз ба? – дейді.
Төлеген айтты: – Жомарттың жолы ашық деген, ештеңе етпес.



– Олай болса, мейліңіз, – деп, ел ішіне жар салды. Естігендер қыздарын алып келіп, мейлі жақсын-жақпасын,
Төлегеннен бір-бір жорға алып кетіп жатты. Сол елдің
төресі Сырлыбай еді. Оның уəзірі Қаршыға сөзге шешен
адам екен. Төлегеннің жайын естіп, атына қамшы басып,
ентігіп жетіп келеді.
Сол жерде тұрған кісілер Төлегенді Қаршығадан жасырып айтпайды. Төлеген бір үйде отырған. Қаршығаның үнін естіп, «Бұл ел неге жасырып айтпай жатыр?»,
– деп, өзі шығады. Сонда Қаршығаның амандасып, айтып
тұрған жері:
– Ассаламуалейкүм, Төлен балам,
Даңқыңды жұрттан естіп келдім саған.
Жасырмай сырың болса, маған айтқын,
Жаныңды тындырады Қаршыға ағаң.
– Алейкүмассалам, Қаршыға ағам,
Келіпсіз ат сабылтып арнайы маған.
Жұмысың менде болса, айта бергін,
Көңіл сізде, сөйлей бер, құлақ салам.
Қаршыға ойланып: «Оңаша сөйлеспесем болмас», –
деп, атынан түсіп, Төлегенге қолын беріп, мұнысына баға
беріп:
– Мырзам, сізбен оңаша сөйлесемін, – деп үйге кіріп,
төрге отырады.
Сонда Қаршыға Төлегеннің арғы-бергі ата-тегін жəне
не шаруамен жүргенін сұрап білді.
– Олай болса, қарағым, сөзіме құлақ сал. Біздің
еліміздің басшысы Сырлыбай деген болады. Оның айдай
сұлу бір қызы бар. Аты – Жібек. Сол өзіңізге лайық келеді, – дейді.
Төлеген айтты: – Оның дидарын қалай барып көреміз?



Сонда Қаршыға: – Көрімдігі бола ма? – дейді.
Төлеген: – Болады. Бір жорға аласыз.
Қаршыға: – Жоқ, қарағым, алыстан ат сабылтып келген
мені басқалардай көрмеңіз. Маған екі жорға лайық қой,
қарағым. Егер қыз көңіліңізге жақпаса, жорғаңызды алмаймын, – деді.
Төлеген күліп, Қаршығаның сөзіне ұйып, екі жорға
берді. Сонымен сөздері бітіп, Ақ Жайыққа аттанды.
Базарбайдың Төлеген
Батыр сынды секілді,
Қаршығаға ілесіп
Атқа қылды өкімді.
Сөзге шешен Қаршыға
Аялдамай жүргізді.
Көрсетпекке Жібекті
Ауылға жетіп келісті.
Келсе, елі жайлауға көшіп кеткен екен. Қаршыға Төлегенге: «Бұл ел көшіп кеткен екен ғой. Енді Жібекті көш
үстінен көрсетейін», – деп, Төлегенменен мақұлдасып,
жөнеп берді.
Жанын салып Қаршыға,
Қамшы ұрып атқа асыға,
Бір көшке жетіп келеді.
Көш соңынан қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Шытырма көйлек етінде,
Нұр сəулеті бетінде,
Бұралып кетіп барады.
Қаршыға қызды көреді,
Жібек емес болған соң,
Одан өтіп жөнеді.
Бір көшке жетіп келеді,



Көш алдынан қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Таң мезгілі болғандай,
Шолпандай жарық жұлдызы,
Пейіштен шығып келмесе,
Адамзаттың бір қызы.
Осы ма деп Төлеген
Жетіп келді қасына,
Соңынан келіп Қаршыға,
Жібек емес деген соң,
Одан ары өтеді,
Қаршығаменен ілесіп,
Көңілі біраз түзелді,
Бір көрмекке Жібекті
Төлеген мырза кезенді.
Қаршыға менен Төлеген
Жағалай салды өзенді,
Тағы бір көшке жетеді,
Көш алдынан қараса,
Бір қыз шықты сəулетпен.
Отыз түйе жетелеп,
Сары майдай еріген,
Тай-құнандай керілген.
Мұрындығы сары жез,
Бұйдасын ескен жібектен,
Толған айдай толықсып,
Ақ маралдай бұлықсып,
Бұралып кетіп барады.
Мұны көріп Төлеген,
Атының басын бұрады.
Осы ма деп Төлеген,
Қаршығадан сұрады.
Қаршыға жетіп келеді,
Бұл да Жібек емес деп,



Əзіл айтып күледі.
Одан өтіп Төлеген,
Атқа қамшы басады.
Тұлпар туған көк жорға ат
Аузынан көбік шашады.
Алдындағы белестен
Орғып келіп асады.
Белестен асып жөнеді,
Ойға түсіп желеді,
Бір көшке жетіп келеді.
Көш астынан қараса,
Бір қыз кетіп барады,
Он қызы бар қасында,
Он төрт, он бес жасында,
Ақ маңдайы жарқырап,
Танадай көзі жарқылдап,
Алтын нұры басында;
Қырық нарға жүгін арттырған,
Жібектен арқан тарттырған.
Осы екен деп Төлеген,
Жетіп келді қасына.
Артынан келіп Қаршыға,
Жібек емес деген соң,
Одан да өтті Төлеген.
Тау басында қарағай,
Төлегеннің мінезі
Болып кетті баладай.
Осындай болып бұл жерден,
Он бірі өтті сəулетпен,
Бірі де қалды жарамай.
Тағы айқасты бір көшке,
Бір қыз кетіп барады,
Орта бойлы жеңеше
Алтын сырға жалтылдап.



Қыз сипатын қарасаң,
Бұрынғы қыздан өзгеше,
Алтын шыны кеседей,
Екі көздің шарасы.
Кешке жанған шамшырақ –
Көзінің гауһар қарасы,
Ай нұрының баласы.
Туған айдай иілген,
Көз жауын алған сымбаты.
Сымға тартқан күмістей,
Бес саусақтың саласы.
Сондай сұлу болмас-ты
Адамзаттың баласы.
Осы екен деп Төлеген
Жетіп келді қасына.
Соңынан келіп Қаршыға,
Жібек емес деген соң,
Одан да өтіп жөнелді.
Жаңа бір көшке жетеді.
Көш алдынан қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Қара жорға мінгені,
Қара торқа кигені,
Екі көзі сүрмелі,
Бұл сияқты перизат
Қыз іздеген Төлеген,
Жоқ еді мұндай көргені.
Сексен түйе қомдаған,
Сексен түйе үстінде,
Қазына қалы кілем бар,
Жібектен гүлін торлаған.
Қыз сипатын қарасаң,
Ақ бетінде кіршік жоқ,
Айдын көлдің қуындай,



Екі көзі жалтылдап,
Алтын-күміс буындай.
Сөйлеген сөзі биязы,
Қызығып көпке ұққандай.
Осы екен деп Төлеген,
Жетіп бір келді қасына,
Соңынан келіп Қаршыға
Жібек емес деген соң,
Одан да өтіп жөнеді.
Базарбайдың Төлеген
Атқа қамшы салады.
Тұлпар туған көк жорға ат,
Көзі оттай жанады,
Сымға тартқан күмістей,
Сүмбідей болып жарады.
Тағы айқасты бір көшке,
Жетіп келіп қарады.
Көш алдынан қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Бір бəйбіше нұр жүзді,
Көшті тартып барады.
Көш үстінде бəйбіше,
Келіскен дүние барлығы.
Екі жүз дүние қазына,
Қызыл алтын сандығы,
Жазығы əйел болмаса,
Қартайса да жайдары,
Айдың өткен нешесі;
Ай қараңғы кешесі,
Ертесіменен кешінде
Ерте кеугім бесінде,
Зорға жеткен сықылды,
Қыз Жібектің көшіне.
Есебі жоқ дүниені,



Есептейін несіне!
Келсе Жібек жоқ екен,
Сол сықылды көшінде.
Мұны көріп Төлеген,
Шешесінен сұрады,
Атының басын бұрады.
Жібек ерте кеткен деп,
Бетіме күн тиер деп,
Көк пəуеске күймеге,
Түсіп ерте кеткен деп,
Шешесі берді жауапты.
Жырақтамай жолынан,
Жақсы іс болды оңынан,
Қаршыға менен Төлеген,
Жөнеді Жібек соңынан.
Көк жорға ат сартылдап,
Екі көзі жалтылдап,
Ұршықтай саны бұлтылдап,
Төлегендей мырзаның,
Алмас қылыш белінде,
Қолында найза қылтылдап.
Жанның жанған шырағы,
Пақырдың болмас жарағы.
Неше қырдан асқанда,
Күмбірлеген қоңырау,
Естіпті сонда құлағы.
Нелер келіп, не кетпес,
Ер жігіттің басына,
Көк жорға атты тайпалтып,
Базарбайдың Төлеген
Келді Жібек қасына.
Келсе, үш қара жорғаны арбаға жеккен екен. Пəуескенің есігі жабық. Ешкім көрінбейді. Төлеген алдына



бір шығып, артына бір шығып дыбыстайды. Үн жоқ. Қаршығаны қараса, көз жетпес жерде қалыпты. Төлеген тағат
қылып тұра алмайды:
Кім бар деп бұл күймеде дауыстайды,
Кім болса да бір көрініп таныспай ма?
Төлеген үш қайтара шақырса да,
Қыз Жібек жауап бермей намыстанды.
Төлеген сонда тұрып қапа болды,
Өз елін ойлай-ойлай іші толды.
Қыз емес өз елімде еркек қорыққан,
Қайран басым бұл жерде бекер болды.
Төлеген қапа болып қалды тұрып,
Тізгінін тартып, атының басын бұрып,
Атына қамшы басып екпіндетіп,
Сол кезде Қаршыға да жетті келіп.
Төлеген Қаршығаға өкпелеп: «Сөйлеспекке бұл қызыңды шақырсам, жауап бермей қойды. Ақымақ адамдарша мұнысы несі?», – дейді.
Қаршыға: «Бұдан бұрын Жібекпен ешкім сөйлескен
емес, мен өзім сөйлесіп көрейін», – деп, Жібекке қарай
Қаршығаның үн қатып тұрған жері:
Ұядан ұшқан балапан
Қанаттарын тарайды,
Асыл туған анадан
Əрбір іске жарайды.
Данышпан адам дүниенің
Ағысына қарайды.
Атаға қызмет қылғанда,
Ескеріп, елеп санайды.
Көтергін, Жібек, басыңды,



Ертіп келдім бір жігіт,
Нақ өзіңе лайық.
Нұр сəулетті жүзі бар,
Бал секілді сөзі бар,
Талай бекзат көрінген,
Қалмады ешкім кызығар,
Жетпейді басқан ізіне,
Қаршыға сынды көкеңді,
Қапа қылмай қарағын,
Бір көрінші жүзіме.
Жібек сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Көке болмай жерге кір,
Салмаймын құлақ сөзіңе.
Жігіт болса тауып кел деп,
Қашан айттым өзіңе?
Бет-алдыңа сандалмай,
Көрінбей жəне көзіме,
Жөндеп баққын малыңды,
Жолама менің ізіме,
Екі тайға ұялмай,
Мені сатып сыртымнан,
Не бетіңмен сөйлейсің?
Қаршыға сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Рас, менің, Жібекжан,
Екі жорға алғаным.
Сөзімнің жөнін байқамай,
Отырып жанжал салғаның,
Екі жорға мен алдым,
Төлегенге дос болып.
Илан, маған, қарағым,
Көңілім менің қош болып,



Сегіз күндей жол жүріп,
Ерте шығып, кеш қонып,
Басыңды көтер, Жібекжан,
Кетпесін ісім бос болып.
Жібек ойланды: «Қаршыға арнайы келген екен назарын салып. Бұған бір көрінбесем, сөзге қалып, ұят болар», – деп, Жібек пəуескенің есіктерін аштырып, ілгектерін ағыттырып, Төлегенге көрінді. Қайтадан ілгектерін
бекіттіріп, көрінбей қалды. Сол уақытта Жібектің сəулеті
Төлегенге жақты. Қасында ойнап–күліп қоса бара жатқан
үш қызы бар, өзімен төртеу екен. Сонда Төлеген Жібектің
дидарына қызығып, айтып тұрған жері:
Қыз Жібектің дидары
Жаннан асқан сəулеті,
Лəйлі-Мəжнүн болмаса,
Өзгеше екен келбеті.
Үш қызы бар қасында,
Өзі он төрт жасында.
Қыз Жібектің дидары,
Ұялтты көзді нұрлары.
Қыз сипатын қарасаң,
Нұр қызының шырағы.
Сырғалары жарқылдап,
Көтере алмай құлағы.
Бой нұсқасын қарасаң,
Пері сипат секілді.
Нұр жүзінің ақтығы,
Қыстың соңғы қарындай,
Ақ бетінің қызылы
Ақ тауықтың қанындай.
Екі беттің ажары
Алаулап жанған жалындай,
Білегі бар жұп-жұмыр,



Айбалтаның сабындай.
Оймақ ауыз, құмар көз
Іздеген ерге табылды-ай.
Өткірлігін байқасаң,
Ұсталар соққан кетпендей.
Жарқыраған жүзінен
Нұр төгіліп кеткендей.
Екі ауыз сөйлескен,
Мұратына жеткендей.
Тірісі түгіл Жібектің
Өлігін адам өпкендей,
Мұратына жеткендей.
Қыз Жібекті Төлеген
Ақылымен таныпты,
Көзі солай қаныпты.
Қыз Жібектің көркі Төлегеннің көңілінен шықты. Тал
бойынан тарыдай мін таба алмай, «Қой, осыны алайын.
Енді кесірленіп, біраз əзілдеп тиісіп көрейін», – деп, Төлеген Жібектің қасына келіп, айтқан жері:
Басыр, басыр, басыр-ды,
Аққа құлпы жасыл-ды.
Басыңды көтер, Жібекжан,
Төлеген келді қасыңа,
Қыз басыңмен алшаңдап,
Бүйте берме, ей, Жібек,
Жұртыңа тиер кесірің.
Қыз Жібек сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Олай болса, Төлеген,
Мен жайында айтайын.
Ағыным судай ағады,



Жұртым қойдай бағады,
Менің қылған кесірім
Саған кесір болса да,
Өзіме майдай жағады.
Жалғыз атты жолаушы,
Жақындамай ары тұр.
Үстімдегі кесірлер
Саған таман барады.
Ат байлаған ақыр тас,
Арқама біткен қолаң шаш,
Қайдан келіп тап болдың
Қаңғырып өскен бір қу бас?!
Төлеген сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Қыз Жібек мінген күймесін,
Күймеге салып түймесін.
Қайдан білдің, Қыз Жібек
Қыз іздеген Төлеген
Мал беріп сені алмасын,
Ал қойныңа кірмесін,
Шытырма Жібек көйлегін
Басыңа таман түрмесін,
Ал төсіңе мінбесін?
Жібек сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Келсең келдің қасыма,
Алуа-шекер беремін.
Келмесең, ары кете бер,
Менің бар дамбалым басыңа!
Сөйтіп екеуі айрылысты. Төлегеннің көңілі көтеріліп,
ет–жүрегі елбіреп, Жібектің сөзіне есеңгіреп, «Жібекті



алмасам болмайды», – деп, Қаршыға екеуі базарға барып,
екі жүз жорға сатып алды.
Мұны Жібектің атасы Сырлыбай ханға бермек болды.
Бұлар айдап бара тұрсын. Сырлыбай ханға біреулер хабар
жеткізген екен: «Сіздің сыртыңыздан Қаршыға білдірмей
Жібекті бір жолаушыға көрсетіп жүр», – деп. Сырлыбай
ашуы келіп, он шақты жігітін дайындап: «Қаршыға мен
Төлегенді алып келіңдер, жазасын берейін», – дейді. Жігіттер екеуіне барып: «Біздің ханымыз кейіп жатыр, сіздерді алып кетеміз», – десті. Төлеген сонда: «Ханыңыздан
қорықпаймыз, өзіміз де бара жатырмыз», – дейді.
Сонда Қаршыға Төлегенге: «Ашулының алдынан
шықпа деген сөз бар. Мен жылқыларға көз бола тұрайын. Сен өзің барып сөйлес», – деді. Төлеген Қаршығаның
сөзіне мақұл болып, тоқтамастан, Сырлыбай ханның аулына келді. Үй жанында сұхбаттасып, бір топ ақсақалдар
отыр екен. Төлегеннің соларға амандасып тұрған жері:
Ассаламуалейкүм, ақсақалдар,
Сөйлесіп сəулетпенен отырғандар.
Алыстан ат сабылтып жұмыспенен,
Төлеген келді сіздерге амандасып.
Сырлыбай:
Уағалейкүмассалам, жаным балам,
Жүріпсіз ат сабылтып сары табан,
Жұмысыңыз бізде болса сөйлей бергін,
Айта бер, көңіл сізде, құлақ салам.
Төлеген:
Келе жатып ойлаймын ақыл-айла,
Ойлаған ақылым жанға пайда.
Ат сабылтып алыстан келген себеп,
Жібек сұлу дегеннің аулы қайда?



Сырлыбай:
Ғашықтық сəулетпенен жүргеніңіз,
Ержүрек азаматтай сөйлесіңіз.
Жібек сұлу дегеннің аулы жақын,
Бар еді онда қандай жұмысыңыз?
Төлеген:
Сөйлесіп сүйген едім Жібек қызын,
Бітпеген ешбір пенде аңдап ішін.
Қыз Жібек Төлегенге тимек болған,
Қаршыға арасында жүрмек болған,
Жүреміз ат шаршатып соның үшін.
Сырлыбай ойланып: «Жібек өзіне лайық теңін тапқан
екен ғой» – деп, Қаршығаға разы болады.
Сырлыбай:
Кешегі саудагердің өзі қандай,
Жалын көз қырық шілтеннің көзі қандай!
Бекерге Төлегенді жамандаған,
Көп дұшпан көре алмаған кегі бардай!..
Төлеген Сырлыбайға: «Сөздің қысқасы, құр аяққа бата
жүрмес, жоралғыға не аласыз?», – дейді. «Аа, бергеніңізді
аламыз», – деп жауап берді Сырлыбай. Төлеген екі жүз
жорғаны түгел берді. Сырлыбай Жібекті бермекке мақұл
болып, Төлегеннің келбетіне көңілі толып, ойын-күлкі,
тамашасын құрып, өзі басында тұрып, той қамына кірісті.
Жібек сол уақытта Төлегенге көрінбей, өзінің ақ отауында жата береді. Жеңешелері Төлегенге жеңгетай даулап
келіп жатты. Төлеген қыздың жеңешелеріне бір жамбыдан беріп тұрды. Сол елдің ішінде Бекежан деген жігіт
Жібекке сыртынан ғашық болып жүреді, бірақ Жібекпен
сөйлесе алған емес. Сөйлесуге құмар болып, ебін таба ал


май, іші толып, күпті болып жүрген еді.
Бекежан сол тойға келіп, жігіттерімен кеңеседі. «Ей,
жігіттер, осы Жібекті жалғыз атты бір жолаушыға беріп,
қоя береміз бе? Ең болмаса, Жібекпен ертелі-кеш сөйлесіп, көріп тұрғанымыз жақсы болар еді ғой, бізге де
намыс керек қой», – дейді. Сонда көре алмай жүрген жігіттер Бекежанның сөзін қоштап: «Тура айтасыз. Төлегеннен біз кем бе екенбіз? Қолдан келсе, бермейік», – десті.
«Олай болса, қандай тосқауыл жасаймыз?», – деді бірі.
Сонда Бекежан айтты: «Əрекет қылсақ, алып қаламыз.
Ептеп Төлегенді өлтіреміз, əйтпесе, болмайды. Бір жеңешесін қолға алып, Төлегенді Жібекке алып бармақшы
болған кезде жайғаймыз», – десіп мақұлдасты. Бұл жігіттердің сөзін естіп тұрған бір қария дереу Төлегенге жетіп,
айтып берді. Төлеген секем алып, Қаршығаны шақыртты.
Төлегеннің түрін көріп, Қаршығаның айтқаны:
Ей, көлге біткен құрағым,
Қандай Төлен шырағым.
Ақ отау болды кіргенің,
Қызық дəурен сүргенің.
Ешбір пенде көрген жоқ,
Бірін де сенің көргенің.
Неге қапа боласың?
Айтшы сырың, Төленім?
Төлеген сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Ой, Қаршыға, Қаршыға,
Мен сырымды айтайын.
Құдай басқа салған соң,
Айтпағанда қайтейін,
Жібекке ғашық көп екен,
Айдар аңдыған неме екен.



Еліңде қанша жігіт бар,
Іші толған кір екен.
Төлегендей мырзаңды,
Өлтірейік дер екен.
Жалғыз жатқан жерімде,
Жазым болсам қайтемін?..
Қаршыға сонда сөйлейді:
– Төлеген деген мырзаны,
Өлтірем деген кім дейді?
Осы отырған Қаршыға,
Алдырып атын мінеді,
Шаңқай түсте аулына,
Төлегенді ертіп,
Тоқталмастан жөнеді.
Ерлігін енді білгізді,
Жиренбай деген үйіне,
Жаңа отау ішіне,
Ертіп барып кіргізді.
Қаршыға Жібектің ағасы Жиренбайдың үйіне Төлегенді кіргізіп, көңілін жайлап кетпекші болды. Сонда Төлегеннің Қаршығаны жібермей, сөз айтып тұрған жері:
Асу, асу бел дейді,
Аса бір соққан жел дейді.
Айналайын, Қаршыға,
Жібекті ертіп кел дейді.
Кеше бердім қос жорға,
Берейін бүгін үш жорға.
Кереметің бір көрсет,
Жігіт болсаң сен дейді.
Жүрген осы Қаршыға,
Епті жігіт, ер еді.



Төлегендей мырзаның,
Бұл сөзін мақұл көреді.
Жібекке жетіп келеді.
– Ой, Жібекжан, Жібекжан,
Тілегем сені құдайдан,
Басыр, басыр, басыр-ды,
Аққа құлпы жасыл-ды,
Қаршыға келді қасыңа,
Көтергін, Жібек, басыңды,
Ат байлаған ақыр-ды
Көз түзкендер жакыр-ды,
Жиренбай əкең үйінде,
Жаңа түскен жеңешең,
Қарағым, сені шақырды.
Жібек сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Ой, Қаршыға, Қаршыға,
Өзің шешен, батырсың,
Шешендікпен айтарсың.
Кеше алдың қос жорға,
Бүгін алдың үш жорға,
Нысап қылмай құдайға,
Тоймаған бір кəпірсің,
Ой, Қаршыға, Қаршыға,
Мінген атың қарагер,
Барайын өзім, бара бер.
Шақырғанда бармасам
Ақыры бір күн боламыз,
Сол жігітке қызметкер,
Жібек жайын сұрасаң,
Асыл туған анадан,
Шайы жібек кісі еді.
Кісі бойы кереует,



Алтын тақтың үстінен,
Қояндай орғып түседі.
Ақ маңдайы жарқылдап,
Танадай көзі жалтылдап,
Алтын сəуле жүзінде,
Құнан-тайдай бой тастап,
Жан-жағын қарап кылжақтап,
Сары майдай еріліп,
Кер маралдай керіліп,
Тəңірім берген екі жас,
Бір басқанға ерініп,
Көрінген көзге дүниенің,
Баршасынан бөлініп.
Сүмбіледей жылтылдап,
Сылдырап Жібек жөнелді.
Асыл жарын көрмекке,
Қызмет қылып бермекке.
Шайы жібек Қыз Жібек,
Жалт-жұлт етіп келеді.
Сол уақытта қарасаң,
Қыз Жібектің екпіні
Өрден самал ескендей,
Қыз Жібекті бір көрген,
Шыбын жаннан кешкендей,
Сылдырап Жібек жөнелді.
Неше түрлі сəулетпен,
Іңірде шайтан көшкендей.
Құланнан атты қодықты,
Көлден тартты борықты.
Жиренбай аға үйінде
Асыл туған қыз Жібек,
Төлегенге жолықты,
Молдалар басы қосылса,
Насихат кітап оқыр-ды,



Шайы заттай қыз Жібек,
Төлегеннің мойнына
Асыла барып отырды.
Төлеген сонда сөйлейді,
Сөлегенде бүй дейді:
– Келдің бе, Жібек, қасыма,
Тиісе кеттің асыла.
Кешегі сөзің қай жақта
Күнəні қойсаң басына?
Жібек сонда сөйлейді:
Қына бешпент қынадым,
Төлеген қайтер екен деп,
Асылым, сені сынадым.
Екі ғашық қосылып,
Əңгіме-дүкен құрады.
Екі перінің келбеті
Лəйлі-Мəжнүндей болады.
Екі бекзат қосылып,
Күндей балқып толады.
Екі бекзат нұрына
Көргендер қайран қалады,
Топырлаған қыз-келін
Ел жатқанша отырды,
Ұйқы келген уақытта,
Жаңа түскен жеңгесі
Күйеуге төсек салады.
Төсекті жайлап салған соң,
Екеулеп оңаша қалған соң,
Бұрынғы сөздің қысқасы,
Айтушы елдің нұсқасы,
Шабыттанып ақ берен



Қалаған жерден ұрады.
Қаршыға ілген үйректей,
Толғана мойнын бұрады.
Тебетейін түсіріп,
Көңілдері тынады.
Жібек сынды апаңыз,
Əрең деп зорға тұрады.
Сөйтіп Төлеген үш ай тұрып қалды. Төлеген ел-жерін
аңсап, ата-анасын, туысқанын сағынып, өз еліне барып
келмекші болды. Сол уақытта қыз Жібек түс көріп, жеңешесін шақыртып, түсін айтып тұрған жері:
– Ой, жеңеше, жеңеше,
Мінезің сенің өзгеше.
Мен бір жаман түс көрдім,
Түсімде жаман іс көрдім,
Төлеген мінген көк жорға ат,
Ер-тоқымсыз бос көрдім.
Ел жайлаған Ақ Жайық,
Жағалай біткен бидайық,
Маңдайда жанған шырағым,
Біреулер келіп өшіріп,
Көзімнен болды сол ғайып.
Қолымдағы тұйғынды,
Саулап келіп аспаннан
Желкесін қиды бидайық.
Пендем десе құдай-ай,
Бұл түс емес еді ғой.
Көрсетер маған ылайық.
Айналайын, жеңеше,
Төлегенді мен білдім
Бір кеткен соң келмесін,
Жарық дүние опасыз,



Білдім көзге ілмесін.
Айналайын, жеңеше,
Төлегенге айтып көр,
Тіліңді алса, жүрмесін.
Ата-анасы бар ма екен,
Жал-құйрығы жал ма екен,
Иə болмаса Төлеген,
Қаңырап өскен қу ма екен?
Атасының аты кім болар,
Апасының аты кім болар?
Сұрап көргін, жеңеше,
Қандай заман күн болар?
Жеңешесі Төлегенге келіп, ары-бері сөйлесіп, ата-тегін
сұрап, содан соң Жібектің түсін айтып тұрған жері:
Базарбайдың Төлеген,
Жеңгесі келсе алқынып,
Не айтып тұрсың демеген.
Жеңгесі сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді.
– Айналайын, күйеужан,
Бикешжан түнде түс көрді.
Түсінде жаман іс көрді.
Астыңдағы көк жорға ат,
Ер-тоқымсыз бос көрді.
Ел жайлаған Ақ Жайық,
Жағалай біткен бидайық,
Маңдайда жанған шырағым,
Саулап келіп өшіріп,
Көзімнен болған сол ғайып.
Қолымдағы тұйғыным,
Саулап келіп аспаннан,



Желкесін қиды бидайық,
Пендем десе, Құдай-ай,
Көрсеткен бұған ылайық,
Айналайын, күйеужан,
Тілімді алсаң жүрмегін,
Құдайдан тілеп жылайық.
Төлеген сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Ой, жеңеше, жеңеше,
Түс – түлкінің боғы дер,
Жаратқан өзі жар құдай,
Өліп кетсем көңіл жай.
Атамның атын айтайын,
Алпыс жаста қарт еді,
Байлығы асқан Базарбай,
Анамның атын айтайын,
Елу жаста марқа-ды.
Олай-бұлай болып кетсем,
Сансызбай атты інім бар,
Жібекжан неге қорқады?
Шын тілесе пендеге,
Тəңірім тілек береді,
Қорықпасын Жібек түсінен,
Ендігі жазда келеміз.
Көрмей қалсам Жібекті,
Елімізде Шеге бар,
Сансызбайды ертіп,
Аулыңызға келеді.
Не қылса да Құдайың
Берер маған райын.
Жібекке дұғай сəлем де,
Деп осылай Төлеген
Енді атына мінеді,



Алла деп елге жөнеді.
Төлеген неше күн, неше түн жол жүрді. Көк тұлпар
атының күшімен еліне, жеріне аман-есен келді. Ата-анасы ұлының аман келгеніне қуанып, ел шақырып, той
жасайды. Елдің көзінше Базарбай: «Төлеген, қарағым,
қайындарыңа қашан барасың?», – деп сұрайды. Төлеген:
«Жазға таман барамын», – дейді. Сонда Базарбай Төлегенге қарап: «Қарағым, мен бір тілек тілейін, бересің бе?»,
– дейді. Төлеген байқамай тұрып: «Берейін», – деп қойды.
«Берсең, ұлым, жолыңа басым – құрбандық. Сол тарапқа
бір жылға дейін ат ізін салма», – деді.
Төлеген: – Ата, барма десеңіз, бармай-ақ қояйын, – деді
атасының көңілін аулап. – Олардың елі-жері бізден артық
бола қояр ма?
Төлеген қыстады. Қыс өтіп, жаз келді. Күндердің бірінде аспаннан алты қаз қаңқылдап ұшып бара жатқанын
көріп, «жаз келіп қалған екен ғой. Мен Жібекке уəде беріп
едім. Жолға шығайын... », – деп ешкімге сырын айтпай,
Төлеген саймандарын сайлап алып қалады. Інісі Сансызбай біліп қалып, артынан іздеп, Төлеген қай жерге қонғанын, қайда тоқтағанын іздестіріп, сұрап жүріп, тауып алады. Екі бауыр бірін-бірі қия алмай қоштасқан жері:
Жағалбайлы елінен
Жалғыздап атын мінеді.
Жолдас алмай елінен,
Тіл алмастан жөнеді.
Ғашықтықтың зарынан
Кетіп бара жатқанда,
Сансызбайды көреді.
Сансызбай келді қасына,
Базарбайдың Төлеген



Уайым түсті басына.
Шүу деп қамшы ұра алмай,
Қу бауырды қия алмай,
Қайрылып келді қасына.
Алдына жылап келген соң,
Көтеріп алды алдына.
Қабырғасы сөгіліп,
Көзінің жасы төгіліп.
Төлеген айтты: – «Е, қарағым, неге жылайсың, жылама. Мен жеңешеңді алып келмекке бара жатырмын». Сонда Сансызбайдың айтқаны:
Жыламайын, көкежан,
Өзің-дағы жылама.
Көзіңнің жасын тый дейді.
Сөгіп жатыр ата-анам,
Сапарыңды қой дейді,
Көп жолдаспен барсаңшы,
Ел-жұртыңды жи дейді.
Жалғыздық ісі қиын-ды,
Жалғыз қайтіп барасың,
Сен кеткен соң, мен қайтем?
Танымасаң ешкімді
Атаң кəрі, інің жас,
Көзімді кімге саламын?
Бұл барғаннан келмесең,
Қайғыменен қан жұтам.
Домбыра алып қолыма,
Тартамын сонда күй дейді.
Төлеген сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Қалықтап ұшар қанатым,
Соңымнан орын басарым.



Көзінің жасын бұлама,
Жібек сынды жеңгеңді,
Алып келмекке барамын,
Пендесін Алла қолдаса,
Қабыл болар тобасы.
Асықтырып, састырған –
Ғашықтықтың жорасы.
Айтып келгем Жібекке
Жақындап қалды уағдасы.
Үйде, түзде жүрсе де,
Қайда қашып құтылар,
Адам Ата баласы,
Мен кеткен соң, қарағым,
Тілек тіле Алладан,
Ақылменен іс қылғын,
Көзіңді кімге сатасың?
Разылығын əкем бермеді,
Əкемнен қорқып елімнен
Көкешің жалғыз жөнеді.
Тірі болсам, қарағым,
Алып қойдым үстіңе
Оқ өтпес сауыт-жарағың.
Жылқыда бурыл бір ат бар,
Былтыр құлын, биыл тай,
Ат болғанда мінбейсің.
Сабы алтын ақ семсер,
Жасатып қойдым өзіңе,
Беліңе байлап ілмейсің.
Жау дегенде қолға алып,
Пендесіңмен жүрмейсің,
Алай-бұлай болып кетсем,
Асыл туған Жібекті,
Біреулерге қор қылмай,
Өзің бір алып сүймейсің.



Балиғатқа жеткенде,
Алтын сауыт кілемге,
Жау дегенде жайнатып,
Толғамалап қолыңа ал.
Сапар шегіп жол жүрсең,
Жолдасын жауға алдырмас,
Басшы қылғын Шегені.
Адамның айтқаны болар ма,
Алланың болар дегені,
Осыны айтып Төлеген,
Сансызбайдың бетінен,
Екі-үш рет сүйеді,
Құшақтасып, қоштасып,
Иə, Алла деп жөнеді.
Сансызбай сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
Ерлер мінер сұр қасқа,
Таба алмасқа құр қасқа,
Батырлық, байлық кімде жоқ,
Əр адам жөні бір басқа.
Ақ Жайықпен арасы,
Үш айшылық жол екен,
Үш айшылық жер ортасы
Атырабы деген шөл екен.
Шөл даланың ішінде,
Қособа деген көл екен.
Ұры, кəззап, қарақшы
Мекен қылған жер екен.
Атаңа нəлет Бекежан,
Арғын елі ішінен,
Əккі болған қу екен.
Қыз Жібектің сыртынан
Көп ғашықтың бірі екен.



Баяғы ұйысқан алпыс жігіт,
Қособаның көлінде,
Қасында жүрген кезі екен.
Төлеген қашан келер деп,
Жолын тосып жүр екен.
Төлеген сол күн келмесе,
Азықтары таусылып,
Кетер күні сол екен.
Құланнан атты қодықты,
Көлден тартты борықты,
Арада неше қоныпты.
Тұлпар туған көк жорға ат
Жүз күншілік жолында
Он жеті күн су ішпей,
Жүрмей жолдан зорықты.
Мұны көріп Төлеген,
Атынан көңілі торықты.
Жүрмей қалған жерінде,
Базарбайдың Төлеген
Шұбалған шаңға жолықты.
Шаңға таман салады,
Қасына жетіп барады.
Тұс-тұстан шығып алпыс ит
Төлегенді қамады.
Базарбайдың Төлеген
Алды-артына қарады.
Бесінде жаумен алысып,
Намаздыгер болғанша
Алдырмай кетіп барады.
Атынан күш кеткен соң,
Жау ортаға алады.
Жақындап жау келгенде,



Жамандатқыр көк жорға ат
Қаталаған су ішпей,
Басын жерге салады.
Жау қаумалап келген соң,
Атынан қайрат кеткен соң,
Базарбайдың Төлеген
Тəңірге қылды наланы.
Құдіреті күшті құдай-ай,
Батар күнмен батайын.
Ең болмаса мен-дағы
Бекежанды өлтіріп,
Жастығымды ала жатайын.
Мұсылман болса осылар,
Жақсылап жауап айтайын,
Қайратым енді жазылды,
От боп жанған көңілім
Су сепкендей басылды
Жаудыр көзді жұмбаққа.
Он сегіз жаста алмаса,
Жазыпты тəңірім жазымды.
Осыны айтып Төлеген,
Қорамсаққа қол салды,
Қол салғанда мол салды.
Садақты қолға алады,
Толғап тартып қалады.
Зымырап оғы кетеді,
Топ арғынға жетеді.
Бəлсеніп келген бесеудің
Үшеуін жайпап кетеді.
Тағы да оғын алғанша,
Қорамсаққа қол салғанша,
Атаңа нəлет Бекежан,
Арғыннан шыққан қу екен,



Əккі болған сұм екен.
Төлегеннің артынан,
Жеткен екен жағалап,
Бір қурайды паналап,
Жақындап келіп тұр екен.
Мылтыққа білте басады,
Төлегендей мырзаның
Қанын судай шашады.
Қой құмалақ қорғасын,
Ажал болып жабысты.
Атаңа нəлет Бекежан,
Жіберген жоқ намысты.
Бекежан атқан жалғыз оқ
Маңдайдан келіп ұрады.
Атынан құлап Төлеген
Алданып қалған қорлығы-ай,
Иттердің қылған зорлығы-ай,
Толықсып жерге құлады,
Атаңа нəлет алпыс ит
Жаны өзі шықсын деп,
Жанына келмей тұрады.
Төлеген есі ауып, шалқасынан түсіп, аспанға қараса,
өзімен қоса келген алты қаз айналсоқтап, көлге қона алмай, айналып ұшып жүр екен. Сонда Төлеген құс та болса
осы қаздарға арманын айтып тұрған жері:
Əуелеп ұшқан алты қаз,
Етің – шекер, сорпаң – баз,
Қонар болсаң қайрылып,
Міне майдан, міне саз.
Сіздер түгіл мен өлем,
Өлмеген жанға, Құдай-ай,
Болып қалды міне жаз.



Қайыра қайтып барғанда,
Қартайған атам Базарбай
Алдыңнан шығып кеп сұрап,
Көкешім менің, Төлеген,
Көрдің бе десе, не дейсің?
Бір төсекте жатысқан,
Таласып емшек еміскен,
Тай-құнандай тебіскен
Жалғыз інім бауырым,
Алдыңнан шығып Сансызбай,
Көкешім менің Төлеген,
Көрдің бе десе не дейсің?
Ғашықтықтың зарынан,
Қособаның көлінде,
Төлеген өлді дегейсің.
Төлегеннің шамасы,
Осы сөзге келеді,
Екінші сөзге келмеді.
Атаңа нəлет алпыс ит,
Обал-сауапты білмеді.
Бір адамды опат қып,
Алпыс адам бөгелді.
Мал опасыз деген рас,
Төлеген мінген көк жорға ат
Су ішіп қанып алған соң,
Бір қарақшы алдында
Ойнақтай басып жөнелген.
Сөйтіп Төлегенді өлтіріп, ат-тонын тонап алып, сүйегін жасырмай, еліне кете барды. Ендігі сөзіміз Қыз Жібектің ауылы туралы болмақшы. Бекежан аулына жетті,
көк жорғаны жабулап, сылап-сипап, елге көп көрсетпей,
бағып жата берсін. Арада бір жыл өтті. Күндердің бірінде Сырлыбай ханның бейхабар жатқан елін қалың қалмақ



қаптап басып қалды. Бұлардың басшысы Қорен қалмақ
екен. Ел дүрлігіп, естері шығып қалды. Қорен хан Сырлыбай ханға жігіттерін жібереді. Жендеттер Сырлыбайға
келіп: «Біздің ханымыз сізге жіберді. Қызы Жібекті бере
ме екен, əлде бермей ме екен? Бермесе еліңді, жеріңді шауып алғалы келдік», – десті.
Сырлыбай хан есі шығып, еліне не дерін біле алмай
қалтырап: «Əй, жігіттер, кішкене аял қыла тұрыңдар,
кеңесіп барып жауабын берелік», – деді. Жігіттер ханына
жүріп кетісті.
Сырлыбай хан қыз Жібектің ордасына келіп: «Жібекжан, Түптен Қорен қалмақ келіп, қызыңызды бересіз. Бермесең, еліңді шауып кетеміз деп жатыр. Не істейміз?», –
деді.
Жібек: «Ата, зорлыққа айла бар ма? Мақұл деңіз. Бірақ
мені алам деген Қореннің салты бар ма екен? Болса, қырық күн тойын жасап алсын», – дейді. Сырлыбай Қаршығаны шақыртып: «Сен барып айт, қыз Жібекті қырық
күн тойын жасап алсын», – дейді. Қаршыға мəн-жайды
айтқан соң, Қорен хан мақұлдап, той жасайды.
Тойын жасай берсін. Осы той кезінде Бекежан көк
жорғамен көсілтіп, Жібекке бір көрінейін деп келе жатыр.
Жібек Бекежанның келе жатқанын көріп, секемденіп:
– Ай, Бекежан, андағы көк жорғаны қайдан алдың? –
дейді.
Бекежан: «Қайдан алушы едім. Өзімдікі», – деп тұрып,
Жібекке тиісіп қалады:
Бекежан əуелетіп əнге əуен салды,
Жібек қыз соны тыңдап, құлақ салды.
Бір жылдан асып кетті кеткеніне,
«Сол жездең Төлегеннен хабар бар ма?»
Жібек:
Төлегенім бұл дүниеде жүрген шығар,
Жібегі күнде етегін түрген шығар.



Бекерге меніменен байланыспа,
Онымен қандай жұмыс, ісіңіз бар?
Бекежан:
Айт дедің, ал айтамын жылап жүрме,
Көптен бергі масқараң жетті бізге.
Қособаның көлінде жатып алдым,
Мергендікпен бір қарақшы атып алдым.
Өзім батыр болған соң кімді аяйын,
Төлегенді өлтіріп, атын тартып алдым.
Қыз Жібек Төлегеннің өлгенін естіп, жоқтап жылап айтқаны:
Басынан бас қосқаным Жағалбайлы,
Малдарын көптігінен баға алмайды.
Өлгені Төлегеннің рас болса,
Құдайым қыз Жібекті неге алмайды?
Тағы айтам, бас қосқаным Жағалбайлы,
Жылқысын көптігінен баға алмайды.
Сол елде ер жеткен қайным жоқ па,
Жесірін іздеп келіп неге алмайды?
Сол жерге өзім іздеп барар едім,
Əттең-ай, əйел жолды таба алмайды.
Бір сұмдықтың болғанын
Бекежаннан көреді,
Туыстары келеді.
Бекежандай ақымақтың
Мойнына шылбыр салады,
Төлегеннің жолына
Құрбандық қылып шалады.
Сөйтіп, қыз Жібектің бауырлары Бекежанды өлтіріп,
кектерін қайтарды.



Ендігі сөзді Базарбай жөнінде айтпақшымыз. Базарбай Төлегеннен хабар біле алмады. Бір күні өзінің
қадірлі адамы Шеге ақынды шақыртып алып: «Төлегеннің кеткеніне бір жыл болды. Хабар болмады. Сансызбай екеуің іздеп, Төлегеннің жай-жапсарын біліп келіңдер», – деді. Шеге Базарбайдың айтқанынан шықпаған,
əрі батыр, əрі шешен адам еді. Сансызбайдың жау-жарағын сайлап, жөнеп берді. Үш ай жол жүріп, Ақ Жайық аулының шетін жағалап келеді. Қой жайып жүрген бір қойшыға душар болады. Шеге ақын осы қойшыдан: «А, қарағым, бұл кімнің жері, кімнің елі?», –
деп жөн сұрайды. Қойшы: – Біз алты Шекті еліненбіз. Ханымыз Сырлыбай деген болады.
Шеге: – Мына қаптап жатқан қалың ел өз еліңіз бе?
Қойшы: – Жоқ, аға түптен Қорен хан деген қанша мың
қолымен келіп, ханымыздың қызы Жібекті бересің. Бермесең, ел-жеріңді шауып аламын деп қамаған соң, ханымыздың амалы таусылып, қызын осы Қорен ханға бермек
болып, тойын жасап жатыр.
Шеге тағы да: – Бұл Жібек қыздың бұрын сөйлесіп
жүрген жігіті жоқ па екен? – деп сұрады.
Сонда қойшы айтады: – Бұрын Төлеген деген мырза сөйлесіп, Жібекті алған, ол үш айдан кейін еліне барып келуге кеткен еді. Жазғытұрым жалғыз қайтып келе
жатқанда, Қособаның көлінде Бекежан деген нəлет жолын
тосып барып, көрінбей жатып Төлегенді атып өлтірген.
Сонда Сансызбай ағасының өлгенін естіп, шалқасынан
құлап жылайды.
Қойшы шошыды «Бекерге айтқан екенмін», – деп. Сансызбай басылмай көп жылады. Шеге ақын Сансызбайға
қайрат беріп: «Ай, Сансызбай қарағым, болды. Ен далада
жылай бергенің жарамайды. Болар іс болыпты. Одан гөрі
ақылға келелік, енді құр кеткеніміз дұрыс болмайды. Жоқ
дегенде, Жібекке жолығып кетуіміз керек, қарағым. Əйт


песе көңіліміздің жалыны басылмайды. Енді мен барып,
Жібекпен сөйлесіп келейін, сен кідіре тұр», – деп кетеді.
Шеге Жібектің алдына барып жолығады. Жібек
басқа жерден келген адам екенін сезіп, жылы қабыл
алып сөйлеседі. Содан соң Сансызбайды шақырып алады. Шегені жөнелтіп, Жібек Сансызбайды кетірмей
түнетеді. Бұл үшеуінің кеңесін ешкім білген жоқ. Ертеңіне Сансызбайды жібереді. «Сіздер пəленше жерге барып мені тосып тұрыңдар. Мен Қорен ханның
бір тұлпарын сұрап мініп, арттарыңнан барармын», –
дейді.
Шеге мен Сансызбай кете берсін. Енді Қорен хан
жөнінде сөз болмақшы. Қыз Жібек өзінің жеңешесін
шақырып алып, Қорен ханның бір тұлпарын сұратып жібереді. Жібек ол күні Сансызбайды жіберген жоқ. Біріне
бірі қызық көрініп, сөз байласты. Бұл екеуінің əңгімесін
ешкім білген жоқ. Ертеңіне Жібек Сансызбайдың қолын
ұстап: «Енді сіздер қайтадан жолға шығуға даярланыңыздар. Мен Қорен ханның бір тұлпарын сұрап мініп арттарыңнан жетермін», – деп Сансызбайды жібереді.
Сансызбай, Шеге бара берсін. Ендігі сөз Жібек пен Қорен хан жөнінде болмақшы.
Жібек бір жеңешесін шақыртып алып, Қорен ханның
бір тұлпарын сұрап əкеп бер деп жіберді. Жеңешесі Қорен
ханға барып сұрап тұрған жері:
Күйеу бала Қорен хан,
Жібек сізге жіберді.
Тұлпардың бірін бер дейді,
Ертең көшке мінеді.
Сонда Қорен сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Ой, жеңеше, жеңеше,



Көрініп Жібек келмесе,
Көп күндер өтті бірнеше.
Тимесе Жібек тимесін,
Тұлпардың бірін сұрама,
Əйелдер тұлпар мінер ме? –
деп бермей қойды.
Жібек сонда ойланып: «Қой, іс мүшкіл болып қалған
екен, өзім барып көрейін», – деп киімдерін киіп, шашбауларын тағынып, қылаң етіп, қылт етіп, сылаң етіп, сылт
етіп, Қорен ханның үстіне кіріп барды. Сол уақытта Қорен хан Жібекті көріп қалып, толықсыған көркіне разы
болып, орнынан тұра келді. Жібек айтты: «Қорен хан, ат
сұратсам, неге бермей қойдыңыз?».
– Ойбой-ой, көп күндер өтті. Бір көрінбеген соң,
көңілім бұзылып, бермей қойғаным рас. Екі тұлпарым
бар, қайсысын мінесің? – деді Қорен хан.
Жібек: – Қайсысы жақсы?
– Ой, көк сандалым жақсы ғой. Соны мін.
Қорен хан сасқалақтап, көк сандалды өзі ерттеп
жатқанда, Жібек Қореннің бүктеулі жатқан ақ семсерін
беліне байлай қойды.
Қорен хан байқап қалды: – Ай, Жібек, оны не қыласың?
Жібек күлімсіреп, Қоренге қарап: «Қорен ханның семсері деп қыздарға көрсетемін», – деді.
Қорен: «Олай болса, мейлі», – деп көк сандалды Жібекке берді де: «Жібек, абайлап жүрмесең, еті қызғанда,
бой бермей алып кетеді, құлап қалма. Мен қаз мойын қара
тұлпарды мініп, артыңнан қарармын», – деді. Жібек: «Қорықпай-ақ қойыңыз. Хан басыңызбен қойшы-қолаңша артымнан жүргеніңіз ұят болады. Қосыңызда жата беріңіз.
Мен кешке қарай келемін», – деп жүріп кетті.
Жөнеді Жібек жөнеді,
Қамшыны ұрып келеді,
Ойлау жермен орғытып,



Сайлау жермен сырғытып,
Аялдамай келеді.
Қарауылда тұрған Шеге ақын
Жібекті болжап біледі.
Əне-міне дегенше,
Шегеге жетіп келеді.
Ашылсын, балам, бағың деп,
Қырық шілтен болсын панаң деп
Екеу еді үшеу боп,
Алла деп елге жөнеді.
Өңкей тұлпар мінгені,
Шапқанда Жібек озады.
Сансызбайға жүр деді.
Жүре алмаса өз атың,
Сандал көкті мін деді,
Ар көріп Сансыз мінбеді,
– Жүре бер, Жібек, жүре бер,
Маған кезек келгенде
Мінермін сонда шын деді.
Атырылып көк сандал
Алдыға озып жөнелді.
Үшеуі теңдей келіскен
Аялдамай жүреді.
Жібекті байқап Шеге ақын:
– Қызып қалды көк сандал,
Алып қашып кетпесін,
Алып ұрып бір жерге,
Өз қосына кетпесін.
Артымыздан қуғындап,
Көк сандал бізге жетпесін.
Ашуы келген Қорен хан
Түбімізге жетпесін.
Жібек тізгін тартады,
Көк сандалды байқады,



Албыттанған көк сандал
Билеп, ойнап басқаны.
Қуғыншы арттан келмес деп,
Жай жүрісті, саспады.
Ендігі сөз Қорен ханда. Қорен хан Жібекті күтті, келмеді. Ертеңіне тоғыз мың сарбазымен Сырлыбай ханға
келді. Қорен хан Сырлыбайға: «Сен мені неге мазақ қыласың? Жібек менің тұлпарымды мінген қайтып келемін
деп. Жібек те, тұлпарым да жоқ. Қайда қашырдыңыз, тез
табыңыз. Болмаса, шауып аламыз», – деп қаһарланды.
Сырлыбай хан жауап айта алмай, дағдарып тұрып қалғанда, Қаршығаның Қоренге жауап беріп тұрған жері:
– Ой, Қорен хан, Қорен хан,
Ел қорықты қаһарыңнан,
Тұлпардың сырын білесің.
Біліп тұрып тұлпарды
Əйелге неге бересің?
Өзің беріп тұлпарды,
Елден неге көресің?
Қатты айтуға батпаймыз,
Ел билеген төремсің.
Күшке салған оңалмайд,
Тұлпар ізі жоғалмайд.
Даланы кезіп шалыңыз,
Іздейік оны бəріміз.
Біреулер байқап білген-дүр,
Еркелеп ойнап жүрген-дүр.
Қорен Қаршығаның бұл сөзіне жығылып: «Тура айтасыз, тұлпар ізі жоғалмайды», – деп атына мініп, жөнеп
беріп, үдере шауып жүріп, көк сандалдың ізін тауып алды.
Қорен хан қолын тоқтатып: «Сендер артымнан келе беріңдер. Мен Жібектің артынан жетіп, кейін қайтам», – деп



Қорен Жібектің артынан жөнеп бара жатқан жері:
Жөнеді, қалмақ жөнеді,
Қамшыны ұрып келеді.
Ойпаң жермен орғытып,
Сайлау жермен сырғытып,
Аялдамай келеді.
Қаз мойын қара тұлпарды,
Сауырға салып шапқылап,
Сауырынан аққан тер,
Моншақ-моншақ тамшылап,
Келе жатқан қалмақты
Жібек болжап біледі,
Бір төбеге келеді.
Көк сандалдың шылбырын,
Мойнына салып түйеді.
Сансызбай аман қалса деп,
Алладан медет тіледі.
Айналайын құдірет,
Не пейілімнен тұтылдым?
Ақырында, Құдай-ай,
Қашып келіп құтылдым.
Жылады Жібек жылады,
Көзінің жасын бұлады.
Тəуекел деп Сансызбай,
Жол тосып жалғыз тұрады.
Əне-міне дегенше
Қорен келіп қалады,
Сансызбайды қарады.
– Көзің оттай жанасың,
Өзің жап-жас баласың,
Жібекті алға жіберіп,
Соғысатын немедей
Көлденең тартып тұрасың.
Ұрысар болсаң, шыныңды айт,



Əуелгі кезек менікі,
Соңғы кезек сенікі.
Қашпайтұғын ер болсаң,
Мойныңды маған бұр дейді.
Кезегін беріп қалмақтың,
Толғана мойнын бұрады,
Алладан тілек қылады.
Атаңа нəлет Қорен хан,
Қорамсаққа қол салды,
Қол салғанда мол салды,
Садақты қолға алады,
Толғап тартып қалады.
Зымырап оғы кетеді,
Сансызбайға жетеді.
Тоғыз қабат сауыттың,
Сегізінен өтеді,
Тесіле жаздап тоғызы,
Қырық шілтен болған қолдаушы,
Жауға сырын алдырмай,
Кезегін алды Сансызбай.
– Батар күнмен батайын,
Қоренді мен де атайын.
Ең болмаса, Құдай-ай,
Жастығымды ала жатайын.
Деп толғанып Сансызбай,
Қорамсаққа қол салды,
Қол салғанда мол салды.
Толғап тартып қалады.
Зымырап оғы кетеді,
Дəу қалмаққа жетеді.
Оқ тоқтаған мезетте
Қорен аттан құлады,
Ту қолынан сұлады.
Ат үстінен Сансызбай,



Қореннің басын кесіп салады.
Қаз мойын қара тұлпарды,
Жетегіне алады.
Тоқта, Жібек, тоқта деп,
Көңілің маған жоқ па деп,
Жанына еріп Сансызбай,
Екеуіне жетіп келеді.
Разы болып Сансызға,
Шеге қолын береді.
Жалғыздап, балам, өлтірдің,
Ерлік болды осының.
............................................
Қорқыныштан құтылдың.
Ержүрек ұл елдікі,
Жібек енді сенікі,
Қайда жүрсең болады,
Ісіңді Құдай оңдады.
Қолыңа алдың теңдікті,
Аман болсаң ....
Ақыл сала жүрерсің.
Есен жетсең еліңе,
Еш адамға қор қылмай,
Жібекті өзің сүйерсің,
Деп Қаршыға сөйлейді,
Əзіл айтып күледі.
Жібек тұрды қуанып,
Қуана басып бұралып,
Сансызбайдың ерлігі
Жібекке толды сыналып.





Пікір жазу