ЖАМБЫЛДЫҢ ШЫБЫЛ ШАЛҒА АЙТҚАНЫ
Шыбыл шал:
Екейде елу бақсы, сексен ақын,
Жаратып мінеді екен, ерттеп атын.
Қобызы, домбырасы үнін қосып,
Гулейді жын қаққандай кешке жақын.
Сен бе едің Жамбыл ақын соның бірі,
Домбыра қолыңдағы дию-пері.
Жоқ екен үкісі мен сылдырмағы,
Көрейін, қандай өзі, берші бері!
Жамбыл:
Ей, не дейсің, Шыбылым,
Кеудеңде жоқ шыбының.
Құмға біткен селеудей,
Селдір екен шығуың.
Əр рудың жүрмісің
Төлегелі шығынын.
Шілше тозып кетіпсің,
Шашылып жүр сынығың.
Бір басыңа жетерлік
Былығың мен шылығың.
Жүнісбайға жүгінем,
Сөзді салсын сарапқа.
Шыбыл Шыбыл болғалы,
Бір кəдеге жарап па?
Төрт асылдың баласы1
Төрт құлақты кемедей.
Ортасында Шыбыл жүр,
Өрт өшірген немедей.
Қайтейін деп осыны
Кетер едім елемей,
Елемеске болмады,
Жабысқан соң кенедей!
1 Төрт асылдың баласы – Асылдан тараған Теке, Төлеміс, Құрман, Орымбет
деген елдер. Бұлар кісілікті болғанда, Шыбыл руы соның əрқайсысының арасында
шашырап жүреді екен.