23.05.2022
  263


Автор: Жамбыл Жабаев

АЙКҮМІС пен ЖАМБЫЛ айтысы

Жамбыл:
Əдейі ат терлетіп келдім тойға,
Айкүміс, əуелден-ақ болдың ойда.
Əуірі1 басылмаған албырт едім,
Асығыс айтқаныма кінə қойма!
Айкүміс:
Аптығып, ə дегеннен амандаспай,
Əдепті үйренбепсің, Жамбыл, жастай.
Асылға арсыдағы2 қол жетпей ме,
Ақылмен қимылдасаң аспай-саспай?
Жамбыл:
Айкүміс, асықпауға шамам бар ма,
Жасшылық ұрындырды талай жарға.
Сен үшін жатсам, тұрсам арманым көп,
Жем болып кете ме деп жамандарға.
Айкүміс:
Біле ме пенде шіркін өз кемісін,
Ел кезіп, есер мінез сен де жүрсің.
Жаралған жат жұрттыққа ұрғашымыз,
Жарқыным, өкінбеші сен мен үшін!
Жамбыл:
Барарсың бір жаманға өзің қор боп,
Отырсың қарқарадай əзір зор боп.
Көзіңе көк шыбынды үймелетер,
Көргенің өле-өлгенше ылғи сор боп.
1 Əуірі – көңілдің құмары, желігі. 2 Арсы (арабша – арсы-ғаршы) – жеті қат көк аспан.
 
Айкүміс:
Жамбыл-ау, күпінесің неге сонша?
Құтқарып қыз біткенді қалған жанша.
Қолдағы қаршығаңнан неге айрылдың,
Тұтқасы дүниенің сенде болса?!
Жамбыл:
Жалғанның сорлысы екен қыз бен жігіт,
Жүрмеген бірге ойнап, бірге күліп!
Арыны басылмаған арсыз көңіл,
Тағы да етіп отыр сізден үміт.
Айкүміс:
Жігітке көрінеді үміт жеңсік,
Жарымас ол мінезге көңіл көншіп.
Жарқыным, одан қайта қолқаңды айтшы,
Əр нені тере бермей, құр білгенсіп.
Жамбыл:
Түйме емес, тоғыз емес тілегенім,
Жұбатпас көңіліңді құр өлеңім.
Болмасаң сөзге қашақ, ішке тосаң,
Сырымды айттырмай-ақ білер едің…
Айкүміс:
Жамбыл-ау, жан екенсің сөзге сараң,
Жақпады қай мінезім бүгін саған?
Дітіңді4 білтелемей, білдіре айтшы,
Саласың қандай қолқа, тегі, маған?
4 Дітіңді – ойыңды, пікіріңді мағынасында.
3 Жамбыл алып қашқан сүйген қызы Бұрымды Сарыбай би төркініне
қайтарып берген.
 
Жамбыл:
Ауылым жайлап отыр Ақсеңгірді,
Көз сүзіп сіздің жаққа еңсем құрды.
Қолыма бір ұстатсаң түсінерсің,
Томпайған төсіңдегі өртенгірді.
Айкүміс:
Жамбыл-ау, ұстатпаймын, кінə қойма,
Кетейін қайтып ардан мына тойда.
«Жақсы сөз жан семіртер» деген бар ғой,
Əдепті мінездерің жүрсін ойда.
Жамбыл:
Айкүміс, амалым жоқ, қош ендеше,
Кетелік сыр білдірмей жат пендеше.
Атыңды, ақ жүзіңді ұмытпаспын,
Кеудемнен қашан менің от сөнгенше…





Пікір жазу