Оян қазақ
Оян қазақ өз тіліңізді даттамаңыз,
Даттасаң бүгін-ертең жоқ боламыз.
Оян қазақ, заманыңа көз жүгіртші,
Өзге ұлттың соңында қап барамыз
Соңғы түйе жүгі ауыр деген сөз бар,
Неде болса тік тұрып арқалаңыз.
Бірімізге біріміз сес көрсетсек,
Бесігіміз түзелмей жат боламыз.
Руға, жүзге бөлініп дауға қалсақ,
Өзге тілдің табанында тапталамыз.
Азаттықтың жолын кезіп Міржақыптың,
Сарқыты боп жазайын хатқа аңыз.
Үш жүздің басы симай бір қазанға,
Неге біздер қазақтықтан сақтанамыз.
Қазақты-қазақ құртқан заман болды.
Ластанып қоғамдағы ақ-қарамыз.
Есіңді жый бауырым,есіңді жый,
Неге біздер рушылдықпен мақтанамыз.
Ата-салт дәстүріңді білмей тұрып,
Біреудің төл тарихын ақтарамыз.
Ұлттың мұңын айта қалсақ , заң алдында,
Өзге тілде сөйлеп тұрып ақталамыз.
Жүз бен руға бөлінсең тұр алдыңда,
Исім қазақ,қаным қазақ ақ балаңыз,
Қазаққа-қазақ жау деп қару кезеп,
О,заманда бірімізді атпағанбыз.
Жүрегің тас болсада бірақ-бірақ,
Қазақ деген рухымды таптамаңыз.
Көзден жасым көл болып ағылды ғой,
Мұндай азап ешқашан тартпағанбыз.
Жетімдер мен жесір көрсек жайын ойлап,
Түңгі ұйқыны төрт болып жатпағанбыз.
Бірімізді-біріміз күндеп жатсақ,
Қайдан оңып қандастарым бақ табамыз.
Қазақтың әлсіз жері рушылдық деп,
Айтқан еді Қазбек би қарт бабамыз.
Ажал құшып жатсақта арымызбен,
Дінімізді,тілімізді сақтағанбыз.
Ұлтымыздың қазынасын жан берсекте,
Өзге елге қанымызды сатпағанбыз.
Қашан біздер көз жастан тыйылып бір,
Ұлт борышын ел алдында атқарамыз.
Көк тудың астында тербеліп мың,
Қашан біздер қазақ боп шаттанамыз