23.05.2022
  127


Автор: Ерлан Рымбек

Ес білгелі өмірге мән бермеппін...

Ес білгелі өмірге мән бермеппін,
Мән бермесем қалай оны жеңбекпін?
Деп кейде өзіме- өзім сұрақ қойып,
Жауабын өлеңменен термекпін…
Міне, содан өмірімді зерттедім,
Зерттеп, күннің сәулесіне беттедім.
Көзімді ашып қарасам бұл дүниеге,
Айтарым да, жазарым да көп менің.
Ел көңілі ауып кетті саудаға,
Сүт сатумен әжелер жүр аулада.
Сұрасам “тіршіліктің көзі” деп
Жауап беред, мұңын шағып жай ғана.
Біреулер жүр түсіне алмай өмірді,
Несиеден несиеге көмілді.
Қайтаруы енді қалай болар деп
Көздерінен моншақтап жас төгілді.
Біреулер жүр әнін шырқап халыққа
Гонорарын сақтап қойып сандыққа.
“Бар өмірім осы – менің әнім” деп
Шығарғысы келеді өзін жарыққа.
Біреулер жүр шөлмек тасып барактан,
Кешке көрсең босамайды аузы арақтан.
Көтере алмай дағдарыстың күндерін
Талай жандар жанұясын жоғалтқан.
Бір бала жүр қашып-пысып сабақтан,
Бұл баланы қандай ана жаратқан
Деп сөгеміз кейде артын түсінбей,
Құтыла алмай өзіміз бір мазақтан.
Біреулер жүр жер қазып күнкөріс деп,
Бұлқынып ішім жатыр төңкеріс деп.
Не де болса кетейін еңбектеніп,
Жанұямның өмір жолын бір тегістеп.





Пікір жазу