23.05.2022
  116


Автор: Ерлан Рымбек

Өмірімнің жапырағы қурады ма...

Өмірімнің жапырағы қурады ма,
Жанарымды қайғы жасы сулады ма?
Мінбесем де келместің кемесіне,
Тұрғандай болады ажал тура алдымда.
Сөксе мені біреу налып жамандыққа,
Не бетіммен көрініп барам жұртқа?
Айтыңдаршы, қазағым, адам емес,
Бұл дүниеде надан боп жаралдық па?
Ақиқаттың жүзінде тұр басым менің,
Мен емес тартып жеген асын елдің.
Қатыгез десе біреу қателесер,
Туғанымнан мен бала жасық едім.
Дәптерімнің аударып парақтарын
Өлеңімді оқи бердім, жаратпадым.
Бар мұңымды көтеріп әкететін,
Кім білген, шабытымда қанат барын?
Мінезімді көктем десін, күз десін,
Жырдан, бірақ, көңілімді үзбесін.
Әрбір адам өз керегін таппаса,
Басқа ақындар дәптерінен іздесін.
Боламын талпынғандай, алқынғандай,
Өлеңнің жолын іздеп шарқ ұрғандай.
Ақын болып бақытқа жету үшін,
Айтыңдаршы, бүгінгі шартым қандай?
Боламын талпынғандай, алқынғандай,
От сезіммен шабытты шақырғандай.
Ашайын десем көңіл есігін бір,
Білмеймін осы күнде хақын, қандай?
Аяласам өлең деген шіркінді
Сыйғызар ем бір кітапқа бір күнді.
Қиялдадым қуантсам деп жырыммен
Өзім емес, қайран қазақ жұртымды!





Пікір жазу