Шәкәрімнің 150-жылдығына арнау
Ақындардың бесігін
Тербеткен де Шәкәрім,
Қазағым деп, елім деп
Жер тепкен де Шәкәрім,
Өлең-жырды нұр етіп
Тер төккен де Шәкәрім.
Өлең – менің жүректегі тұрағым,
Өлең – менің сөнбес мәңгі шырағым.
Шәкәрімнің ұлағатты жырлары –
Бойымдағы қасиетті тұмарым.
Ақынның ақындығы санасында,
Шабытым айналғандай дара шыңға.
Ой дәптерін ашып бүгін жырлайыншы
“Өлең” атты өнердің даласында.
Алып-ұшпа жырларымды өзіңізге арнадым,
Хат арқылы жіберейін мына өлең жолдарын.
Қалам алып қағазыма түсіріп,
Тәңіріме табынып, жеткізсін деп жолдадым.
Кейде өлең тамшы болып тереземді ұрады,
Жүрегіңнің төріне кіргізші деп тұрады.
“Шабыт – қонақ” деген осы екен ғой,
Жоқ қой оған ешбір менің күмәнім.
Көзін аштың алау сезім шабыттың,
Айнасына айналып ақын деген халықтың.
Кейінгі ұрпақтарға үйреттің де
Қалай жазу керектігін әріптің.
Асау тұлпар жырларың - серпіле аққан бұлақтай,
Қалай ғана өтейін өлең сөзбен тіл қатпай?
Қазағым деп, еліңнің қамын ойлап,
Кеттің бізден сағым болып жырақтай.
Өмір жолын Абайменен бір кештің,
Толстоймен хат арқылы тілдестің.
Жырларыңды тастап Ертіс жағасында,
Кеттің өзің кемесімен келместің.
Жыр дәптерін аштың да,
Даналы сөз қалдырдың.
Кәрісі мен жастың да
Өзегін өртеп жандырдың.
Ой терегін шаппаймын,
Шапсам қалам сынардай.
Тербелсе желмен ақ қайың
Аңызың қайтып туардай.
Ақиқаттың көзін ашып, асырғалы,
Өлеңдерін ешбір баспа баспаған.
Айып тағып НКВД қасқырлары,
Жазықсыздан құр құдыққа тастаған.
Ойын қырдың белесінен шығарған
Ақындарды данышпанға балаймын.
Жүрегімді тербетсе егер жыр-арман,
Сол жырымды Шәкәрімге арнаймын.
Өлең туса нәрестедей шырылдап
Ат қоямын есіміңе ырымдап,
Сіздің алау жырыңызды ұлықтасам
Шабыт өзі келеді екен туындап.
Мен өлеңнің құлы болдым, шығармайды торынан,
Бүгін-ертең табылам ба ақындардың тобынан?
Абай, Мұхтар, Шәкәрім жолын беріп,
Бағым жанса екен деймін, айым туып оңынан.