23.05.2022
  139


Автор: Ерлан Рымбек

Желтоқсан тағдыры

(Баллада)
Желтоқсанның ызғарына байланып
Жер шарындай кетті басым айналып,
Қазағымның анық батыр жастары
Жазықсыздан кетті жау деп айдалып.
Аламыз деп тәуелсіздік байрағын
Намысыңды, қырандарым, қайрадың.
Желтоқсанның ызғарында дірілдеп
Өлімге де бастарыңды байладың.
Алтын бесік туған жерім, туған елім, қазағым,
Желтоқсанда озбыр күштер тартқызды ғой азабын.
Өміріңе балта шапқан көрдің сонда соққыны,
Ұмытылмай ізі қалды әділетсіз жазаның.
Ел айбынын көтерем деп жанын берген қазағым,
Ашылар ма бұл дүниеде көк аспандай ажарың?
Әнұранмен көтердіңдер өз ұлтыңның ұлы рухын,
Көтердіңдер қаншама қажылардың мазарын.
Желтоқсанның зәрлі күні жас көбелек баламын,
Бар-жоғы мен он төрттегі үміті едім анамның.
Ауылдан кеп интернатта оқимын сол жылдары,
Алғашқы рет көрген кезім тіршілігін қаланың.
Дауысына анамның сағыныштан тұра алмай
Телефонмен сөйлесем деп кетіп едім сұранбай.
Көрдім сол кез алаңда қазағымның жастарын,
Жүре бердім жөніммен не болғанын ұға алмай.
Көз алдымда солдаттар айбат шеккен жыландай
Шықты келіп алдымнан малға шапқан сұр аңдай.
Қолдарында қолшоқпары, күрекпенен ұмтылып,
Аш бөрідей жүгірді жас тоқтыға құмардай.
Екі жас қыз сөмкесін тастай сала жүгірді,
Қашамыз деп олардан етпетінен жығылды.
Екі солдат шаштарынан ұстады да шап беріп,
Әлсіз жатқан қос аруды күрекпенен бір ұрды.
Қарап тұрдым шыдай алмай, екі солдат кетпеді,
Араша боп баруға батылым да жетпеді.
Айта алмадым бұл сұмдықты, айтсам егер басқаға
Мың бір жалған ертегідей ешкімге әсер етпеді.
Жеттім, міне, интернатқа, келіп кірдім бөлмеге,
Отыр едім, тәрбиешім келді бір кез сөзге де:
“Не болғанын білесің бе анау жатқан алаңда?
Қайда жүрсің, Ерлан-ау, айтпай кеттің сен неге?”
Көргенімді айта алмадым, бар шынымды жасырдым,
Сол бір елес кетпеді, түнгі ұйқымды қашырды.
Қос арудың көз жасы көз алдымда қан болып
Желтоқсанның ызғарымен тар кеудеме шашылды.
Қамап бізді тастады тәртіптерін бұзардай,
Үш күн бойы далаға алдап бізді шығармай.
Сабаққа да бармадық, үш күн, үш түн бөлмеде
Даланы аңсап отырдық ешбір айла қыла алмай.
Желтоқсанның боздақ үні құлағымда жаңғырды,
Көз алдымда қос ару, сол бір нәзік жан тұрды.
Тірі ме екен ол жандар, ана болып жүр ме екен,
Сол бір суық Желтоқсан жүрегімде із қалдырды.
Міне, содан қанша жыл өтті ағылған бұлақтай,
Көз алдымда сол бейне жанып тұрған шырақтай.
Құтқармадың деп маған мұң шаққандай қос ару,
Соларды ойлап жыр жаздым жан толқыным шыдатпай…





Пікір жазу