Ажалмен сырласу
Ажал келіп ұрлағандай өмірді
Тарқата алмай қаламын-ау шерімді.
Қоштасуға уақыт болмас, болса-дағы
Қалай қиып кетер екем елімді?!
Ажал келіп ұрлағанда өмірді
Көре алмаспын қабірімді, көрімді.
Сүйіп өткен жүректің мол отымен
Қалай қиып кетер екем жерімді?..
Ажал келіп ұрлағанда өмірді
Ұмытармын елге деген көңілді.
Сүрте алмастан кетем бе екен жалғанда
Маңдайдағы моншақтаған терімді?
Жаспын әлі, әзірге өлгім келмейді,
Өліп бара жатсам өлең емдейді.
Не десең де көнейін мен бәріне,
Бірақ, ажал, сені көргім келмейді.
Сенем саған, сені ешкім жеңбейді,
Мен өлгенмен, жырым мәңгі өлмейді.
Күндесең де, көрмесең де өзің біл,
Мен өлмеймін, көнбесең де, көн мейлі.
Мен сені тек өлеңмен мүсіндеймін,
Сені жеңер құдіретті өлең күші деймін.
Мені алғанмен не пайда, не қызықты,
Осыныңа мен әлі түсінбеймін.
Көгімізден күн кетпесін жарқыраған,
Өмір-өзен аға берсін сарқыраған.
Өлең өріп баршаңызға тілейтінім –
Болсын деп қарттарым, халқым аман.