23.05.2022
  176


Автор: Ерлан Рымбек

Арман-жырым

Жан сырымды білдірейін өзіңе мен, ақ нұрым,
Хат арқылы өзіңе аспандадым, қалқыдым.
Бар көңілім сен жақта, сені ойлап отырмын,
Сенсіз гүлім сола ма, сенсіз және бар күнім.
Сенсіз өткен күндерім тартылған бір бұлақтай,
Сенсіз өткен түндерім сөнген мәңгі шырақтай.
Дидарыңды көремін бе енді қайтып өмірде,
Сағынышым жүрегімді бара жатыр шыдатпай.
Сені көрсем түсімде, оянбаймын,
Ақ жүзіңді жүз көрсем де тоя алмаймын.
Мен түскендей болдым жұмбақ жолдарына,
Сен жұмбақсың, мен жұмбақпын, ой-арманым.
Қолың тимес, әрине, түсінемін,
Еріксіз іштей үнсіз күрсінемін.
Қабағыңнан қар жауып тұрған күні
Өз жанымды өзім қинап түршігемін.
Жұрт сөксін мейлі, біреу жамандасын,
Не болмайды пенде боп жаралғасын?
Кісі өлтіріп, ел тонаған мен емеспін,
Арым таза, ол күнәдан адал басым.
Айналдым сенің арайлы таңдай жүзіңнен,
Жүзіңе қарап айдынында жырдың жүздім мен.
Көңілім ауып, ниетім құлап өзіңе,
Өзіңді ойлап өзгеден күдер үздім мен.
Айналдым сенің бұлбұлдай әсем үніңнен,
Бар ма еді жандар мендей жүгінген?
Соғады жүрек асығып кейде тағатсыз
Жарысып күнде сағаттың соққан тілімен.





Пікір жазу