23.05.2022
  123


Автор: Ерлан Рымбек

Ғашық сыры

Тұла бойға сіңсе де мына бақыт,
Жүрмегейсің ел сөзіне құлақ артып.
Бақыт үшін күрескен Дантесің де
Пушкинді өлтірді ғой бір-ақ атып.
Сені көрсем бақытымды тапқандай,
Боламын-ау жырмен шырақ жаққандай.
Сені көрсем түңілуден қаламын
Шаттығымның жастығында жатқандай.
Сені көрсем, шын сүюден таймаймын,
Күні-түні көз ілмеймін, ойлаймын.
Саған деген құстай ұшқан көңілді
Пәк сезімнің қазығына байлаймын.
Сені көрсем, көркіңе сұлу тоймаймын,
Кейде қиял тереңіне бойлаймын.
Сені бір сәт көре қалсам түсімде,
Есіміңді неге айтып қоймаймын?
Жанарыңда жарқылдаса бір от демің,
Мін тағады әмір жүрмес жүрекке кім?
Сағыныштан қиналып мұңға батып,
Сеземін-ау сенің бейнең жүдеткенін.
Кеткеніңмен көз алдымнан, өңімнен,
Кетпейсің-ау мынау ұшқыр көңілден.
Сені көрсем тек жаныма балаймын,
Бақытымды тапқандай бұл өмірден





Пікір жазу