Ғашықтар хаты
Қыз сөзі:
Сағынсам сені селдетем көзден жасымды,
Ойласам, жаным, түндерде кірпік ілмеймін.
Өзіңе мынау мәңгілік махаббатымды
Жеткізем қалай? Білмеймін…
Қалаға сонда мен жылап жеттім неліктен,
Бір мезгіл сенен кеткендіктен бе тым алыс?
Басыма жастап оқысам көңіл еріткен
Жырларың ғана жұбаныш.
Адалмын саған, сенен де осы тілерім,
Еркелетсең де, аймаласаң да соны ұқтыр.
Сен қайда жүрсең, менің нәзік жүрегім
Өзің деп бірге соғып тұр.
Жігіт сөзі:
Өмірде мына жүргендер аз ғой ғашық боп,
Қосылар біреу, біреулер кетер қосылмай.
Ғашық боп өмір сүргеннен артық бақыт жоқ,
Махаббат деген осындай.
Сағындым дейсің, сағындым мен де, аңсадым,
Не жетсін, шіркін, жүргенге жиі кезігіп!
Көңілімдегі бар сағыныш, барша мұң
Осы әннен тұрсын естіліп.
Айналдым сенің үзілген тамшы жасыңнан,
Уақытша солай алаңдап күндер кешерміз.
Ақ ниеттерден, ән-жырдан шашу шашылған
Бақытты күнге жетерміз.