23.05.2022
123
Қос жапырақ
Тыңдауға дала әуенін шықтым үйден,
Жоқ еді махаббатым менің сүйген.
Тап болдым күзгі кеште бір ағашқа,
Тұрғандай жалғызсырап мұңды күймен.
Тұл тағдыр қырына алып алдады ма,
Жапырағы шашылған жан-жағына.
Таң қалдым сол ағаштың бұтағында
Сарғаймай қос жапырақ қалғанына.
“Бізді айырар тек қана қара дауыл,
Өмір сыны салмағын салды ауыр.
Сарғаярмыз, сағақтан үзілерміз,
Қар жамылып құлазып қалар ауыл”.
Қос жапырақ ұқтым мен сырларын да,
Түсіндім үнсіз шыққан жырларын да.
Аядым дір-дір еткен қос ғашықты,
Аяй тұра қызығып тұрғаным ба…