Анама
Қарыздармын анашым қарыздармын,
Көрдің ғой сен өмірдің сан ызғарын.
Сен ауырып шалдығып жатқаныңда,
Бір қасық су аузыңа тамызбадым.
Жайыңды ойлап бір сәт те тыншымадым,
Сөнбеу үшін, анашым, нұр шырағың.
Сен сауығып кетсін деп сырқатыңнан
Мен өлеңмен әкелдім күн шуағын.
Тұршы, анашым,қарсы алайық таң нұрын,
Әкетпесін бізден бөліп тағдырың.
Көрсек бірге көрейік бұл жалғанда
Дүниенің кеңдігі мен тарлығын.
Сенсің, ана, асыл ән көктемдегі,
Өзегімді жарып шыққан от кеудені.
Асау сезім толқынын кешіп жүріп
Желдей зулап бала өмір өткен бе еді?
Сен арқылы көрдім күн мен айдың нұрын,
Мейіріміңнен іңкәрліктің жайдым сырын.
Анашым «балам!» деген бір сөзіңе,
Айырбастамас едім мен байлықты мың.
Біз ана жаралғанбыз сынақ үшін,
Көреміз деп өмірдің жыл ағысын.
Зарықсақта,шалдықсақта бір көрейік,
Осы өмірдің қайғысымен қуанышын.
Ақ сүтіңе анашым табынамын,
Табынамын сәл көрмесем сағынамын.
Өзің берген суретіңді аялап,
Қасиетті тұмарымдай тағып алдым.
Төрт ұлыңды аялап асырадың,
Қиындыққа кез болсаң жасымадың.
Сен ауырып, қиналып жатқаныңда
Қиналды ғой жасыл орман – асыл жаным.
Жапырағы жайқалсын өміріңнің,
Ән құстары сайрасын көңіліңнің.
Жаның жүдеп қалғанын көргенімде,
Жанарымнан жас болып төгілді мұң.
Сен арқылы міндім өмір қайығына,
Жүзіп келем осы өлең айдынында.
Арманым боп қанат қағып қондың, ана,
Көңілімнің көкпенбек жайығына.
Жырға айналды көк қалам сиям менің,
Осы жырдан мүсініңді құяр ма едім.
Есейіп кетсем де, ана, сәбиің боп,
Құшағыңның саясына сыяр ма едім.
Бауырсағың, құрт, қаймағың аңсатады,
Аңсатады өмірдің таң шапағы.
Сен ауырсаң мұңға батып күні-түні,
Өзегімді жас толтырып шаршатады.