23.05.2022
  335


Автор: Ерлан Рымбек

Полигон жыры

Соғыс деген – айдаһар жеті басты,
Бас көтермес (беті аулақ)
Несі жақсы?..
Түлеп жүрген түлкідей мың құбылған
Мынау ұшқыр заманның беті қатты.
Сол атомды қанша жыл сынап келген,
Қайран халқым бәріне шыдап берген.
Таулары аласарып туған жердің,
Өзендері тартылып, бұлақ та өлген.
Атом – апат, болмасын бұған күмән,
Саңырауқұлақтай саулатқан сынақты лаң.
Дегелеңнің тоздырған топырағын,
Бұл қару – уы зәрлі шұбар жылан.
Жер қыртысы сынақтан шаршағандай,
Көзге түсе қоймайтын картадан жай.
Алыста жатыр шөгіп сол биігім,
Қайғы мүжіп жүдеген қарт адамдай.
Жарылыстан дірілдеп сан үйлері,
Жылады тірі жетім сәбилері.
Емі жоқ ауруынан жазыла алмай
Жазығы жоқ қанша жан зар иледі.
Империя қулығын кеш түсіндік,
Бейбітшілік бізде деп мықтысындық.
Жапонның қасіреті жолда қалар,
Бар екен өзімізде тіпті сұмдық!..





Пікір жазу