23.05.2022
120
Әкеме
Көңілім кейде құлазыр,
Ағарған көріп шашыңды.
Өмірдің ізі сірә бұл,
Ұлғайтқан жылда жасыңды.
Қуат беріп тұрар әрбір күн,
Өнеге, ақыл-кеңесің.
Сынағын көрсем тағдырдың,
Шыдам мен жігер бересің.
Көресің менің көзімнен
Жалынды бала кезіңді,
Ақылға толы сөзіңнен
Өмірдің сыры сезілді.
Кетпейді естен бір бақыт –
Балалық менің шақтарым.
Ойыншықты алып бір уақыт
Жаныңа келіп жатқаным.
Тұрамын, әке, елеңдеп,
Атырып көзбен ақ таңды.
Өзіңе өлең өрем деп
Ұйқысыз таңым атқан-ды.
Көңілім кейде өкпелі
Ағарған ерте шашыңа,
Уақыт па әлде өтпелі
Ақ қырау салған басыңа?..