23.05.2022
  118


Автор: Мұрат Шаймаран

Әке

Бала кезім ол менің:
Ауыл, іңір, тау елі.
Жүрегімді тербеген
Скрипка əуені.
Шашыңды аздап ақ шалған,
Шағың, əке, ол сенің.
«Қасыма отыр, кел, қарғам,
Күй бастаймын», – деуші едің.
Ұран улап жаттанды,
Жанына көп бататын.
Сенің скрипкаңды,
Шешем дайындап жататын.
Күннің кешкі шапағы,
Қан боп ұйып тарайтын.
Түн сүйретіп сақалын,
Терезеден қарайтын.
Жалыны шам білтелі –
Қып-қызыл һəм сап-сары;
Еппен ғана түртетін,
Қараңғылық жапсарын.
Мезгіл өзі егілсе,
Мезі қылып бар ұғым.


Мен көзіңнен көруші ем,
Шамның жалқы жарығын...
Сызылта бір күй бастап,
Бұлқынғанда сым ішек,
Арманды ауыр ой жасқап,
Мұңға батып тұрушы ек.
Тұрушы едік аһ ұра,
Күн қабағын мың бағып.
Діріл қағып тағы да,
Смочектің қылдары –
Дыбыс біткен сəл тынып,
Көмескіде күмəн қап.
Сосын көкке талпынып,
Кететін-ді шығандап.
Басып өзен ентігін,
Бұлақ сыңсып ағатын.
Соққан жел де желпініп,
Өксік атып алатын.
«Қайда үміт, қайда бақ?!»
Менің бала бұл қайғым.
Сүт сəулесі сорғалап,
Тұратұғын мұңды айдың.
Жалған уағыз жанын жер,
Талант тауы шағылып.
Қатал-қатал дəуір де,
Қалатын-ды қамығып...
Жаулап əуез кеудемді,
Жайған уын нəзік мұң.
(О, нəзік мұң, сендерді,
Жүрдім ұзақ азық қып!)
Жүрек неге елтеді?!
(Есейгем-ау, сірə, мен)
Байқадың ба сен, тегі,
Сырлы, сиқыр сол əуен –
Симай ескі лашыққа,
(Болды ма сол керегі?!)
Кеңістікке асыққан,
Алқып ұша жөнелді.
Кетті керуен жол алып,
Сапарларға бір ұлы.
Тарихтың қаралы,
Шемен толы күбірі.
Кетті нұрдай тым өткір,
Кетті түнгі бір сағым.
Тұншықтырған түнектің,
Талқан етіп құрсауын.
Тұрдым, əке,
Мен үнсіз,
(Өстім қиял ерте еміп)
Со-на-у көктен бір жұлдыз,
Түсті аулаққа өртеніп.
Жақынымдай оралмас,
Жалын болып өткен бұл.
Жанарымда тамшы жас,
Қалып қойды мөп-мөлдір.
Аққан жолақ ізіне,
Аңырайып түн тұрды.
...Cен қарадың жүзіме,
Скрипкаң кіл тынды...
Еркін ғарыш...
(Ұқтым мен!)
Ашып содан бір есік,
Мен де əуенге тұтқын боп,
Кететіндей ілесіп –
Сен қарадың жүзіме,
...Жүз құбылып реңім.
Жұмбақ жырдың үзігін,
Сонда жазып тұр едім.


Тұр едім мен...
Көп елең,
Миымда сан сұрақ қап:
«Кетті қайда сол əуен,
Қалды қайда тұрақтап?!».
Жаным, əке, барыңды,
Айтсаң маған не етеді:
«Жеткен жері сол үннің –
Бостандықтың мекені?!»
...Уақыт қолы пышақтап,
Алғашқы асқақ мұратын.
Скрипкасын құшақтап,
Əкем үнсіз тұратын...
Бала кезім ол менің:
Ауыл, іңір, тау елі.
Жүрегімді тербеген,
Скрипка əуені...
Содан бері жиырма жыл!
Сен қартайдың, мен өстім.
Болдым ғашық жырға бұл,
Жоғалатын емеспін.
Əр жырымның əрі – мұң,
Мен даланың тілімін.
Содан шығар арымның,
Арпалыста жүруі.
Баурамайды басқа ойын,
Қызығымен құндақтар.
Мен бір сарын бастаймын,
Қатпар, қатпар,
Мың қатпар.
Жаным, əке, күй аңсап,
Сен бастаған зарлы ырғақ –
Сол сарынға ұя сап,
Қалған сынды дамылдап...





Пікір жазу