23.05.2022
  127


Автор: Мұрат Шаймаран

Ит

Соңғы шарап кесесін сарқып ішіп,
Аязында ақпанның алқып, ісіп,
Келе жатсам отыр екен жол шетінде,
Иесіз қалған сорлы жалқы күшік.
Ескі шапан етегін жел кеулеген,
Ақынмын!
Ешкімге мен жол бермеген.
Кес-кестеп шықты алдымнан мына күшік,
Қайыршыдай қол жайып телмеңдеген.
Бір бұлақ көкірегімнен қыстыға ағып,
«Менменсіген» халімнен түстім ауып.
Шоқиып қарсы алдымда отыр күшік,
Жанарым жанарына түсті барып.
Барады мезгілің де мың құбылып,
Аспанда «жартылық ай» тұрды ілініп.
Қыңсылап аяғыма оралады,
Тапқандай менен ғана бір жылылық.
Тəйір-ау, бұл не сұмдық, тегін бе өзі?!
Келген бір қасіреттің елін кезіп,
Əрбір тал кірпігіне мұң байланған,
Көздері секілді ғой менің көзім.
Кешетін міскіндердей тамұқ күнін,
Көп сездім бұл ғаламның ғарып мұңын.
Мен оның жаутаң қаққан жанарынан,
Өзімді танып тұрдым...
Қойса да шапағатын жыл ұсынбай,
Бар менің қатқан күлше уысымда.
Қарайсың неге маған əлсін-əлсін,
Дəметкен əлденеден туысымдай.
Туыспын,
Туыспын мен саған, Күшік!
Жоғалтқам інімді жеп,
Ағамды ішіп.
Қалғамын иен жұртта ұлып сенше,
Кеудемді запырандай зар əн қысып.
Бас көтерген бір арман көңілде өшіп,
Быт-шыт болды!
Шағылды сенім – бесік.
Қасқайып мен де тұрғам бір кездері,
Сұрапыл ағыстардың жолын кесіп.
Жүрекке жөргемдеген көп сызығын,
Өтті-кетті басымнан тексіз күнім.
Аспанға аңырайып тұрғам мен де,
Қызықтап бұл ғаламның шексіздігін.
Асау аттай көнбейтін ырыққа мұң,
Өз қолымен əкетті жұлып бəрін.
Арши алмай келемін көзімнен мен
Шашыраған жұлдыздың сынықтарын.
Содан бері адасып жүрмін,
Білем,
Бейтаныс жолаушыдай, суық маңым...
Қойса да шапағатын жыл ұсынбай,
Бар менің қатқан күлше уысымда.
Қарайсың маған неге əлсін-əлсін,
Дəметкен əлденеден туысымдай...
Демеймін көкбөріңді оят, көңіл,
Табылмас енді өмірдің жай өткелі.
Қарайсың маған неге əлсін-əлсін,
Тұрсың ба аяп мені?!
Жұмақ мекен!
Көремін түсімде көп,
Барады жанды жалмап ішімдегі өрт.
Барады əне біреу күбір қағып:
«Бұл жердің күні суық, ішу керек!».





Пікір жазу