Мекен іздеу
Солғындап бір күн бетінің қызылы,
Құлағымда кешкі боран ызыңы.
Жырын жаттап
шығыстық бір ақынның,
Ен далада жалғыз келе жатырмын.
Жел мұжып бір жемірілген молаға;
Əлде кімдер бұғып жатқан обаға;
Тұман шөккен ұзақ-ұзақ жолға анық;
Кешеуілдеп қайтқан қазға зарланып;
Көшкен бұлтқа
бірін-бірі жұлып жеп;
Əлде нені қоям айтып күбірлеп...
Мекен қайда?!
Енді менде жоқ тұрақ.
Ол қалада боран бұдан қаттырақ,
Қауіп бұдан қаттырақ!
Мылқау көше,
Мылқау адам,
Мылқау күз,
Бəріміз де жаралымыз, сырқаумыз.
Аяз мұнда аямайды, расында,
Əн салуға, «а» деп ауыз ашуға.
Сені еркіне жібермейді бір сағат,
Бір суық қол жүрегіңді құрсап ап...
Тақуалар жұмақ дейді бұл күнді ең,
Жұмағыңа түкірер ем мен мүлдем.
Нағыз жұмақ,
Түсінбейсің сен нағып?
Омар Хайям айтқан кеше жерде анық.
Тозақ өмір,
ошағыңды ойрандап,
Жетсем, шіркін, сол араға сайрандап!
Шараптардың ең күштісін – асылын;
Арулардың қылықтысын – ғашығын;
Адамдардың ең аңқауын – жомартын;
Наркескеннің ең өткірін – сабы алтын;
Ең лəззатті жырларымен нұрланып,
Кетсем деймін сол араға бірге алып.
Сөнсе,
Сөнсін,
Өшсе,
Өшсін сынап күн!
Омар барда есігі ашық жұмақтың.
Жанарында бір сағыныш дамылдап,
Алары хақ өзі бізді қабылдап...
Улы сөзден құлақ аман, бой таза,
Ескі жырды мың оқысақ қайтара.
Айтсам оған:
«Ақындардың күні анық,
Сол баяғы қасірет пен бұғалық».
Майлардың да дəмі өзгеше екенін,
Жайлардың да мəні өзгеше екенін,
Шығысыңның мұңлы өлкесін, аптабын,
Көздің жасы суарып бір жатқанын...
Кінəламан мен мезгілді, мен күзді,
Бөліп тұр-ау ажал бізді, жер бізді.
Жо, жоқ, баба, қателесіп барамын,
(Есалаң ғып есер өмір алаңы),
Таңғы шапақ арасынан мен əр кез,
Қанға қанбас қанжар көріп қаламын...