23.05.2022
  149


Автор: Мұрат Шаймаран

Айбергеновтың ақырғы монологы

Аһ, Үрниса,
Жалын толы кеудем бұл,
Самарханнан сырнайлатқан керуен – жыр.
Жез қоңырау үніндей-ақ сыңғырлап,
Тым алыстап бара жатыр, енді, өмір.
Аһ, Үрниса, тамырымда қан тулап,
(Өмір солай, тулап барып сарқылмақ).
Өлі дала шырайына нұр беріп,
Мен көктеммін өте шыққан жарқылдап.
Бұл фəниге кімдер келіп,
Кім жасар?!
Мен өтермін, қабірімді гүл басар.
Бір жалт етіп сөнген шырақ секілді,
Аһ, Үрниса,
Халім менің тым нашар.
Апай төсін жатқан дала күн қақтап,
Ақ көбігі аққан өзен бұрқақтап.
Қош бол енді,
Күлімдеген қыз – өмір,
Кəмшат бөркі бұлғақтап.
Жырдың мəнін,
Жылдың сəнін тауыспай,
Тұра алмадым ағындарға дара ұшпай.
Аһ, Үрниса,
Мен өтермін,
өтермін,
Жартастарға сіңіп кеткен дауыстай.
Қарт тауларға көп қараймын тігіле,
Сөйлейді олар маған адам тілімен.
Жаңғырығып қайта келем мен саған,
Жасын ойнап,
Дауыл ұрған күні мен.
Ақ қайыңның жапырағы боп тұрармын,
Ақ Жайық пен Атырауым боп тұрармын,
Басыңдағы ақыл,
арын боп тұрармын,
Қасыңдағы батыл ағын боп тұрармын,
Əр сөзіңде жырың болып оқылып,
Һəм көзіңде мұңың болып тұнармын.
Батам, енді, көкжиекке күнге еріп,
Жатам сосын табиғатқа тіл беріп.
Ғарыш-көкте жұлдыздарды серік қып,
Мəңгіліктің құшағына бірге еніп...
Өлім өзі қасіретті қаншама?!
Би билеймін, алдында оның əн салам.
Аһ, Үрниса, байтақ қазақ жерінен
«Бір тойым боп...» ораламын мен саған...
Тамыз айы, кешкі шапақ қырмызы,
Бірақ мені мазалайды түнгі ызың.


Əмудария,
Саған ғашық болдым мен,
Маған ғашық болды сенің бір қызың.
Əмудария, жағаңда отырып мұң құштым,
Сенсіз ешкім ұғынбайды сырды ішкі.
Иірімің шымыр-шымыр қағады,
Низамидың шарабындай тым күшті.
Сенсің менің таусылмайтын ариям,
Мен боп сөйле,
Жалғандыққа мойыма!
Тал бойымда тулап жатқан қан емес,
Сенсің, Əмудария!
Сен сұлусың, сұлу болса бұл ғалам,
Сен болмасаң қуат берер кім маған?!
Көзге сиған мынау нұрлы дүние,
Құшағыма симайды ғой,
Сол жаман.
Əйтпегенде, мен өзіңді көтеріп
Жүрер едім бір ғана...
Менің жаным – шағалаң боп көрінген,
Ақ моншағың – менің жасым төгілген.
Сен керексің ертеңгілер үшін де,
Əйтпегенде, алып кетер едім мен.
Тəңірімдей табынатын ұлы анам,
Сен берік бол, сен ешқашан жылама!
Ақыныңның аманатын сен сақта,
Əйтпегенде, ұмытшақтау бұл адам.
Əмудария, білесің бе?!
Ақ Жайықтан ұшқан жырдың құсы аппақ.
Жеттім саған жалғыз болмау үшін мен,
Домбырамды құшақтап.
Жырақтарға – тылсымдардың мекені,
Күлгенің мен күрсінгенің жетеді.
Домбыраның екі ішегі секілді,
Əму – Жайық екеуі.
Мен сендерді бір шанаққа сидырып,
Шерттім ұзақ мұңды-сазды күй қылып.
«Мен сендерді алдамаймын...» өзендер,
Ұлың болып маңдайымнан сүйдіріп,
Тұрам солай адалдығымды сый қылып.
Мен халқымның сағынышында жүрем тек,
Рухым қайта оралады күні ертең.
Сендер барда мен тірімін, тірімін,
Сендер барда шөліркемес ұлы өлкем...
Əму – Жайық, мені өсірген жыр бесік,
Амалым не, жолымды ажал тұр кесіп.
Бір-біріңе асығасыңдар-ау
Қарсы ағып,
Менің даңқым арқылы үнсіз тілдесіп.
Егіз дария – менің егіз ғұмырым,
Жер – ананың екеуі екі бұрымы.
...Сынды домбыра, сынды, сынды,
Білемін,
Емес, əсте, жақсылықтың ырымы.
Бітті бəрі, маған зауал жеткендей,
Жұмақ шағым қайырылмастан өткендей.
Көкірегіме шер байланды қаншама,
Домбыра емес, сендер сынып кеткендей.
Əму – Жайық, мені өсірген жыр бесік,
Амалым не, жолымды ажал тұр кесіп.
Бір-біріңе асығасыңдар-ау
Қарсы ағып,
Менің даңқым арқылы үнсіз тілдесіп.
Қош бол енді...


 





Пікір жазу