Көңілдің өңі ағармас кірі ашылмай...
«Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман»,
Күн – үміт секілді ме түнге айналған.
Өмір ме, өңі суық өлім бе екен,
Бір елес орамалын бұлғайды алдан.
Егер де өмір болса, қандай өмір?
Қала ма тəтті дəмі таңдайда бұл.
Ал, өлім...
Атажұртын аңсап келіп,
Соңында егесі жоқ сорлай ма ұл?!
Бермейді саған өткел өмір – ағын,
Жетім – ой, Анаңды аңсап аңырағын!
Білмеппін, қасіретің қандай ауыр,
О, менің қасиетті Шаңырағым.
Жалынан ұстатпайды жыр қашаған,
Патшаның атын тасқа құл қашаған.
Бəрін де көре, көре,
Біле, біле,
Адамдай сезінемін мың жасаған.
Көңілдің өңі ағармас кірі ашылмай,
Əйтеуір, жоқты медет қыласың жай.
Сан сауал сансыратып болды мені,
Қоғамның қырық қабат күнəсындай.
Ал, өлім...
Жарақатын жұрт емдесін,
Жабырқап жанарымды сүртем несін.
Хан өлер,
Қараша өлер – Хақтың ісі,
Тек қана ұлы дала рухы өлмесін!
Жаратқан, шапағаты кең Құдайым,
Қабыл ет, жанымды елге ем қылайын.
Сен берген ақиқатқа ара түсіп,
Зар жұтқан соңғы ақының мен болайын...