Жұмекен Нәжімеденовке
Ісіндірген ындынын даңғазасы ғасырдың,
Өзге түгіл, өмірге жұмбақ айттың, жасырдың.
Əр жырыңның қатпары – жарқыраған жаһұттар,
Асылыңды алуға қолы жетпей уақыт дал.
Аға, сені ойлаймын болды екен деп сойы кім?!
Өзің ұсап шымырлап аға ма екен Жайығың.
Əуреміз бұл күнде
(Мен білмеймін, не керек)
Даңқымызды жұлдыз ғып аспан жаққа шегелеп.
Өзегінде – өкініш,
Өлең ғана –мұраты,
Жерге тартып туылып,
Жерге сіңер ұлы ақын.
Ел айтады аңыз ғып сені Берен секілді,
Едіге ойға тамыздық – қоңыр өлең секілді.
Бояулары, болмысы мың сан əлем секілді,
Жұпар шашқан бұрқырап жусан өлең секілді...
Абжыландай арбағыш ажалың да билеген,
Оңашада отырып өзің тартқан күйменен.
Таланттың Тəңірі келгендей бір келісімге,
Сырлы сөзбен сылқым үн сенің ғана еншіңде.
Адасады ізіңнен сол бір тірлік,
Сол ғарыш,
Орман – ойлар ішінде жалғыз жортқан, Жолбарыс...
Аға, сені ойлаймын болды екен деп сойы кім?!
Өзің ұсап шымырлап аға ма екен Жайығың.
Жай ақпайды Жайықтар,
(Түсінбесін жұрт қағыс),
Тереңінде тебініп жатады екен күшті ағыс!
Өзегінде – өкініш,
Өлең ғана –мұраты,
Жерге тартып туылып,
Жерге сіңер ұлы ақын...