23.05.2022
  138


Автор: Мұрат Шаймаран

Жастық қашын бара жатыр...

Жетелеген от пен желік,
Қыз едің-ау көктем көрік.
Жасыл жанат жайлауыңнан,
Дүр-дүр ауып кеткен бе елік?!
Сен мезгілге бүлінбесең,
Қайда сол бір құлын мүшең?!
Көздеріңнің шарасынан,
Мөлт-мөлт еткен мұңыңды ішем.
Қара жібек шарқатыңнан,
Талай арман тарқатылған.
Аққу мойның əсем еді,
Айдай толып алқа тұрған.
Қиқулатқан дос аралын,
Қызығы едің осы араның.
Сан атылып аласарған,
Жанартаудай қос анарың.
Жүрек біткен – бəрі бойдақ,
Əн салушы ек «əри-айлап».
Сен алыстап кете бердің,
Балтырыңнан сағым ойнап...
Жылдар бетін жылы жауып,
Солған гүлдің күні ғаріп.
Əркім тұтқан сырлы аяқтай,
Сыры кетіп, сыны қалып –
Кездестің-ау, күнім, алдан,
(Мыңына мұң – біріне арман).
Ал, мен болсам ошақтаймын,
Оты жанып, күлі қалған.
Жанарыма қара батыл,
Бір сағыныш арада тұр.
Бəрін айтып қайтем саған,
Жастық қашып бара жатыр...





Пікір жазу