23.05.2022
  140


Автор: Мұрат Шаймаран

Өлең - қайғы

Жаралдым қай дəуірден,
Қай күндерден,
Жаныма заман уын жайдым бірден.
Тұманды теңіздерге жіберсем де,
Қайыққа отырғызып қайғымды мен;
Бəрібір тапты мені.
Сайқал – күн,
Салдақы арман сұғыменен,
Барады мұзға айналып сірі денем.
Аптадым алаулы отпен жүрегімді,
Аластап жасыл арша бүріменен;
Бəрібір тапты мені.
Ғасырымның –
Тұнады жанарына жасы мұңның.
Қаймығар деп Қашқардың қанжарындай,
Жарымның кірпігіне жасырындым;
Бəрібір тапты мені.
Тағдырым тамыр тартқан тас қалаңда,
Таландым өз буына мас ғаламға.
Ғаріп боп жүргенімше
Ғарых болып,
Кеттім мен шарап толы тостағанға;
Бəрібір тапты мені.
Қойдым мен талқанымды санамай-ақ,
Қарайды қайыршы да маған аяп.
Иығыма сарала қоржын асып,
Ел ақтап кетсем-дағы жалаңаяқ;
Бəрібір тапты мені...
Əй, енді, жазылмаспын мен емделіп,
Өлсем де,
Кетсе ағайын терең көміп,
Отырар осы қайғы шырақшыдай,
Басында мазарымның өлең болып.





Пікір жазу