23.05.2022
  162


Автор: Мұрат Шаймаран

О, жылқы баласы

Енетін түсіме:
(жатырдан жаны асыл).
Кісіне,
Кісіне,
О, Жылқы баласы.
Қонақтап қалады,
Таға боп Ай қырда.
Зымырап барады,
Бесті ме, Айғыр ма?!


Жазылып бауыры,
Делдиіп танауы.
Жылтылдап сауыры,
Жалтылдап жанары.
Тым ауыр сол түнді,
Қорғасын сияқты.
Ұрғылап өлтірді,
Салмағы тұяқтың.
Үстінде келемін,
Аңсаймын Күн – қызын.
Жалында – Өлеңім,
Маңдайда – Жұлдызым.
Дəурен бұл – мен сүйген...
Шықпыртып тартасың –
Бұзаутіс қамшыңмен,
Ажалдың арқасын...
Енетін түсіме:
(жатырдан жаны асыл)
Кісіне,
Кісіне,
О, Жылқы баласы.
Жатпайды мені аяп,
Сылқым – мұң,
Сиқыр маң.
Кісіне!
Сен оят,
Өлі бір ұйқымнан.





Пікір жазу