Бейістің жасыл сирақ әсем құсы
Адамның сендей болар хас өңдісі,
Сезінбес жүрегінде от бəсең кісі.
Алдымда мың бұралып билейсің сен –
«Бейістің жасыл сирақ əсем құсы»
Көлбеңдеп көңілімді көп арбаумен,
Барады бастан ұшып манар дəурен.
...Сол тентек жылдарымды еске салар,
Бұлқынып жұпар шашқан анар – кеудең.
Қайтейін, сұлулыққа құлқым бейім,
Мен бейне қолың білер мүлкіңдеймін –
Ай сырғаң сияқтанып діріл қағам,
Үкіңдей төбеңдегі үлпілдеймін.
Ақтарып ескі үміттің молаларын,
Бозтаңда бозбала боп ораламын.
Сосын мен алау-жалау тұрам жанып,
Секілді қызыл жібек орамалың.
Жаным – мас,
Айдыным – күй,
Шалқарым – əн,
(Байлама жанарымды тарқа, тұман!)
Ойнаймын сағым болып сақинаңда,
Бұрым боп саусағыңмен тарқатылам...
Қиылып қарайсың сен несін күліп?!
Отырмын есім шығып,
Есім кіріп.
Кəнігі сұр мерген ем,
Кететұғын
Көзімен сан сұлуды шешіндіріп.
Қарама!
қарай берме бұлай маған!
Құдірет бар екен-ау,
(кім ойлаған?!)
Оюлы камзолың боп ойға батам,
Қос етек көйлегіңдей шыр айналам...
Жіберген ертегі елі,
Дастан елі,
Сен қыздың десі неден асқақ еді.
«Бейістің жасыл сирақ əсем құсы»,
Кеттім мен,
Жұмақ жаққа баста мені!