23.05.2022
  132


Автор: Мұрат Шаймаран

Шаруа ұқсап

Сағым жортқан салихалы сал қырда,
Тамыздағы жылы-жылы жаңбырда,
Шаруа ұқсап жастанып ап шалғымды,
Жатсам ба екен жасыл көрпе – шалғында.
Кімдер ноян,
Кімдер ұлы,
Кім ірі,
Қызықтырмас мені пенде ғұмыры.
Маған əсем сезіледі одан да,
Сона ызыңы,
Шегірткенің шырылы.
Кеткеннен соң ақ пен қара қиысып,
Өртенеді дүниенің жиі іші.
Хикмет бір қиялдардан əсерлі,
(Өлең емес!)
Өлеңшөптің иісі.
Шерлі жүрек не қыласың зар жылап,
Сені баққа бастамайды ол бірақ.
Айғыр мініп жылқы бағам ақпанда,
Қырау қатқан жабағы мұрт жалбырап.
Қоғам деген диірменде жаншылып,
Қауызында жатып өлді қанша үміт.
Ойға батып тұрам түнді жамылып,
Қолымдағы құрық көкке шаншылып.
Жортуыл ем жұлдыз қарап жол ашқан,
Апта соққан ақборанда адаспан.


Тобырларсыз тəугі дала менікі,
Менікі сол – қасиетті қара аспан.
О, Мақпузым – мың құбылған шамшырақ,
Жібер мені манар маңға қамшылап.
Соқа сүйреп баратсам ба атызда,
Маңдайымнан ащы терім тамшылап.
Менсіз дағы шайырлар көп, мұңды жұрт,
Қалдырамын қайғысы мол жырды ұмыт.
Бəрін қойшы,
Диуана боп ел кезем,
Табанымды тікенекке тілдіріп.





Пікір жазу