23.05.2022
  122


Автор: Мұрат Шаймаран

Отаным бар - қайғылы һам еңселі

Ернің сенің үлбіреген гүл сынды,
Шарап сынды жəне жүз жыл сақталған.
Шайқап ішер менің кəйіп ырысымды,
Сақта, Құдай, нысабы жоқтардан.
Əр көктемнің көркі тыным бермеген,
Қапастағы таңғы бұлбұл құстаймын.
Самараның сылқымысың сен деген,
Мен шығыстың шайырына ұқсаймын.
Ат жалында арқыраған кісің ем,
Балдағында жалт-жұлт еткен селебе.
Пəрəнжіңді ақсемсердің ұшымен
Көтеретін баһадүрмін жəне де.
Тұран жақтан тоғысар деп жолымыз,
Бөрі жүрек аласатар мың ұлып.
Тобылғының майын сүрткен торы қыз,
Кірпігіңе қалған інжу ілініп.
Еуропаның елесіне еліткен,
Отаным бар – қайғылы һам еңселі.
Құба құмда өскен құбан көрікпен,
Алып барам мен сені!
Көрсін сені, көргендей бір ертегі,
Жетегіңе ал бейіштің сол самалын.
Күннің өзі қызғаныштан өртеніп,
Бұйра-бұйра бұлтпен жапсын жамалын.
Бауда нұрың балқып, шалқып дəулетің,
Кəрі құрлықтың бикештері аһ ұрып,
Төстен сүйгіш Есениннің əулеті,
Саған сəлем бере алмайды батынып.
Жұпар шашқан алма ағашы бүрінен,
Жапырақтың жанарында ұяң сыр,
Тек Алатау жырлайды бар тілімен,
Ол да мендей ақын шығар қиялшыл.





Пікір жазу