Ақшам
Алабұртқан көңілім неден елең,
Шемен күнге, шарам не, шегеленем.
Есігімді тағы да тұрды қағып,
Қоғамнан таяқ жеген өлең.
Сұрапыл сол жылдардан қалған тығып,
Серкенің терісінен шалбар тігіп;
Барысты бөртеленген бөрік етіп,
Ақырған бураменен белін буып;
Аттанып кетіп еді ұрандап-ақ,
Арбаған сенсің бе, өмір, жылан қабақ?!
Беріп едім кінəсіз саусағыммен,
Темірқазық тəрізді тұмар қадап.
Ұстағаны қолында – шырақты үміт,
Қою түнге сəулесін лақтырып;
Жалбызға орап өсірген жалғыз өлең,
Кетіп еді арқырап пырақ мініп...
Жекпе-жекте желікпе сан ұланнан,
Жанарында қасірет табы қалған.
Сойылымен қандай сұм соғып өтті,
(Көзін ойып, азуын қағып алған.)
Кірпігінде жұлдыздың тұр-ау жасы,
Ақындықтың əруағы, бір аунашы!
Алаулаған ақжелең аққу тəнін,
Қалай осып өтті екен дырау қамшы?!
Шашыраған жаһұттай сынады əлем,
Сыңғыр-сыңғыр күлмейді бұлақ əуен.
Босағамда теңселіп тұрдыдағы,
Жер бауырлап ақыры құлады өлең...
Шапағат жоқ желбүйрек, жемсау күннен,
Ойым онға,
Санам сан, делсал мүлдем.
Менің тауап – тағдырым өтер ме екен,
Өлімші болған өлеңге дем салумен?