23.05.2022
  104


Автор: Мұрат Шаймаран

Кетейік енді ауылға

Кетейік енді ауылға,
Ауылда арман, мұратың.
Құлыстайда өскен құлан ем,
Қорғасын қара тұяқпен,
Жер тарпып қана тұратын.
Бауырымда жатқан ғаламға
Тəкəппарлана мойын бұратын.
Құйрығым көкке шаншылып,
Қыратта сонау таңсəрі,
Кісінеп берем,
Бұл дауыс –
Тəугі бір шағын сағынған,
Азияттықтардың аңсары.
Жалымды менің тараған,
Самалдың ғана саусағы.
Кетейік енді ауылға,
Ауылда арман, мұратың.
Сол жерде сылқым – сұлулар,


Бұлаққа қарап таранып,
Бұлаққа бетін жуатын.
Сүйемін деген сөзіңді,
Көзіңнен ғана ұғатын.
Қапаста қалған қабылан,
Мен едім, күйер жиі ішім.
Жатырмын ғұмыр кешіріп,
Мына бір зағип заманның,
Даңғаза əні мен биі үшін.
Сағындым сабын күректің,
Шылым мен тердің иісін.
Кетейік енді ауылға,
Ауылда арман, мұратың.
Көкшатырлы мешіттен,
Имамның қоңыр əуені,
Асылып көкте тұратын.
Алматы деген арман ба,
Тұп-тұнық айды жамылып,
Жамылып көркем күн атын,
Жынысын қоспай ешкімге,
Ауылда өлсін бір ақын.
Кетейік енді ауылға...





Пікір жазу