23.05.2022
  140


Автор: Мұрат Шаймаран

Ақын өлімі

...Солай болды маңдайда өмір – жазу,
(Қандай қиын Ақынның көрін қазу.)
Шыр-пыр самғап кеудеңнен кетті бір құс,
Қайрай-қайрай көз жұмдың өлімге азу.
Енді сенің мекенің – басқа тұрақ,
Кектенбейсің дұшпанға,
Доска жылап.
Хордың қызын аймалап жатасың сен,
Жап-жасыл бір жастықты жастанып ап.
Сосын Бейіс көгінде самғап ұшып,
Сазға ауысып,
Ғаламат əнге ауысып,
Сараң тірлік қолынан у жұтпайсың,
Сары алтындай кесемен зəмзəм ішіп –
Жүресің сен,
Бақ қандай Хауыз қандай!
Қиянатшыл қолдармен ауызданбай,
Жүресің сен аласа адамдарға,
Қарыз бермей немесе қарызданбай.
Бахи жолы – емес ол қап-қара түн,
Ақиқат ол – Жұмаққа ап баратын.
Жыр оқисың АЛЛАХ-тың алдында сен,
Кеңістікте көлбеңдеп ақ қанатың.
Ақық дүние бойына талай сіңген,
Тəңір – көкке шашылған бояусың сен.
Кебенектің ішінде кемді күнді
Мəзір тұтқан біздерді аяйсың сен...
Қидым, қидым мен сені,
(жұрт кешіргей?!)
Еншісіне еркектің бітпес үрей.
...қыр басында қарайып молаң қалар,
Өмір деген өлеңнің нүктесіндей...





Пікір жазу