Көктем келсе
Ұстап тұра алмайды ғой оны ақпан,
Бұлбұлдары сайрап атар əлі ақ таң.
Мен көктемнің күндеріне ғашықпын,
Көкірегінен сел аққан.
Барады, əне, уақыт-арба ышқынып,
Жырлайды кеп түсіме ылғи құс кіріп.
Көктем-қыздың деміндей боп тиеді,
Жыртық үйді ұрған түнгі үскірік.
Есеңгіреп кедейліктің уынан,
Жатыр жарым жас көңілі суыған.
“Көктем келсе, – ұйқысырап қояды –
Жасындардың жарқылымен жылынам”.
Көктем келсе жадырармыз, күлерміз,
Тəнімізге жасыл жапырақ ілерміз.
Теңге билер тексіз мынау қоғамда,
Тас ғасырдың адамындай жүрерміз.
Кететіндей “ұлы” ақыны адасып,
Барлық шырақ тұрар бізге жол ашып.
Сұп-суық сол терезелер тамсанып,
Сенің мəрмəр омырауыңа қарасын.
Гулесер жұрт “жер” ғып жəне “аспан” ғып,
Айқайлайды Алатауды басқан бұлт.
Еркін өмір сүргеніміз үшін де,
Мың рахмет,
О, киелі Бостандық!
Көктем келсе…