23.05.2022
  140


Автор: Мұрат Шаймаран

Балғын тәнің ескі көйлек ішінде

(Тамұқ дүние, даңғазаңда ісім не?)
Сен биледің өткінші өмір үшін де.
Алды жаулап алқызыл сол ақшамды,
Балғын тəнің ескі көйлек ішінде.
Жанарыңды жасырғанмен кірпігің,
Табар емес асау жүрек бір тыным.
Сен биледің,
Айдың уыз сəулесі,
Тұрды жамап иығыңның жыртығын.
Сен – жалынсың.
(Даладағы от қандай?)
Көңіл біткен ала қашар көкпардай.
Аққу – мойын,
ақ күмістей арқаңнан,
Бұрым емес, бұлақ құлап жатқандай.
Тəкəппарлық тапшылыққа тұр сынбай,
(Күңіренді Күн,
Жанын мүжіп күрсінді Ай.)
Ақ қайыңдар саған созып саусағын,
Жапырақтар берді тартып мың сырнай.


Есіне алып жасыл – жаһұт дəуірін,
Отырды ақын қаны – салқын,
Жаны – мұң.
Сыңғыр-сыңғыр сенің шолпыларыңнан,
Қалды көріп шолпан жұлдыз жарығын.
Сен көктемсің аласата гүлдеген,
Сен өктемсің аласара білмеген.
Отырды ақын шарап ішіп, у ішіп,
Суретіңді салғысы кеп жырменен.
Охо, ғазиз сұлулықтың дастаны,
Махаббаттан ұғынбайтын басқаны.
Ал, адамдар сенің əсемдігіңді,
Көздерімен шешіндіре бастады.
Бауда сенің тұрған балқып бал – нұрың,
Биле,
Биле!
Менің кəйіп тағдырым.
Анау тентек табаныңмен таптап өт,
Арам-арам пиғылдардың барлығын.





Пікір жазу